Қарулы күштердің әскери қызметшілері Шаңырақ күнін атап өтті

Қарулы күштердің әскери қызметшілері Шаңырақ күнін атап өтті

17.03.2026 11:11:35 184

Бүгін Наурызнама онкүндігі аясында қазақстандықтар отбасы құндылықтарын, үлкенді құрметтеуді және келер ұрпаққа қамқорлықты дәріптейтін Шаңырақ күнін атап өтуде.

Қарулы күштер қатарында әскери қызметте жүрген ерлі-зайыптылар аз емес. Қызметтегі жауапкершілік пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүруге мұндай отбасыларға бір-бірін қолдау, бәрін бірлесе жоспарлау және үй шаруасын бөлісе атқару көмектеседі.

65229 әскери бөлімінің сержанты 2-сыныпты сержант Қанат Белгібаев үшін отбасы – сенімді тірегі және жігерлендіруші күш. Ол әскердегі жолын мерзімді қызметтен қатардағы жауынгер болып бастаған. Осында болашақ жары Толқын Мұсахметовамен танысқан. Көп жылғы әскери қызметтен кейін Толқын аға сержант шенінде запасқа шыққан. Ерлі-зайыптылар үш бала өсіріп тәрбиелеп отыр.

– Біз Толқын екеуміз де әскери адам болғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Қызметтің талай қызығын бірге өткеріп, қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Қазір біз үшін ең үлкен бақыт – шаңырағымыздың шаттығы – балаларымыз, – дейді 2-сыныпты сержант Қ. Белгібаев.

Мемлекеттік қолдау мен біржолғы тұрғын үй төлемінің арқасында отбасы өздерінің берік әрі жылы шаңырағын, яғни жеке үйін алды. Мереке күні отбасы туған-туыстарымен уақыт өткізіп, бір-біріне деген бауырмалдық пен қамқорлықты сезінуі үшін бір дастархан басына жиналды.

Бұл күні әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметтері де барлық жерде озық дәстүрді ұлықтау, отбасылық құндылықтарды нығайту және ұрпақтар арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізетінін айта кеткен жөн.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1182775?lang=kk