Түркістан облысының алғашқы шақырылушылар тобы Шекара қызметіне аттанды
18.03.2026 19:01:55 69
Жастарды әскерге шығарып салу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Енді Түркістан облысынан шақырылған 41 азамат Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы бөлімшелерінде мерзімді қызметін өтейді.
Іс-шараға жергілікті әскери басқару органдарының және ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі, әскерге шақырылушылардың туыстары, сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
– Бүгін біз әскерге шақырылушылардың алғашқы тобын Алакөл және Зайсан аудандарына шығарып салдық. Көктемгі науқан аясында өңірімізден 18-27 жас аралығындағы екі жарым мыңнан астам адамды әскерге шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 200-ден астам шақырылушы Шекара қызметіне жіберіледі. Бір жылдық қызмет қас-қағымда өте шығады. Әйтсе де жастарға жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Әскерден соң бірқатар жастар ақысыз негізде жоғары білім ала алады. Енді бірі келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға құқылы, – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Қуанышбек Құлымбаев.
Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма бастығы полковник Е. Рафиков те жастарға ақжол тіледі. Ол жас сарбаздардың мемлекеттік шекараны қорғау міндетін абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Шақыру науқанының алғашқы айларында ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Одан кейін Қарулы күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдерін толықтыру жүргізіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1184559?lang=kk