Қорғаныс министрінің орынбасары Алматы облысындағы әскери гарнизондарды тексерді
20.03.2026 12:35:41 144
Қорғаныс ведомствосының ақпараттық-түсіндіру тобы министрдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды зерделеді. Сонымен қатар басшылықтың әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жұмысы бағалады.
Қорғаныс ведомствосының өкілдері Жаркент, Сарыөзек гарнизондарында әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен, казармалардың, асханалардың, тұрмыстық нысандардың жай-күйімен, сондай-ақ әскери қалашықтарда тұратын әскери қызметшілердің тұрмысымен танысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары мерзімді әскери қызметшілерге арнайы уақыт бөлді. Жеке әңгімелесу барысында сарбаздардың денсаулығын, рухани-психологиялық ахуалын, қызметі мен тұрмыс жағдайын сұрап білді. Жауынгерлерге өз құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, олардың барлық өтініштері мен ұсыныстары қаралып, тиісті тапсырмалар беріліп, шешімдер қабылданды.
Офицерлер және сержанттар құрамымен өткен кеңесте тәртіпті нығайту мәселелері талқыланып, жоғары патриоттық рухты қалыптастырудың және Отанды қорғауға дайындықтың маңыздылығы атап өтілді.
Жеке құраммен өткен кездесулерде генерал-майор Асқар Мұстабеков мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына, оның ішінде конституциялық реформаның маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына қамқорлық жасау Қорғаныс министрлігі қызметінің басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.
Бұл ақшалай үлес деңгейін арттыру, демалыс кезінде теміржол көлігімен барып-қайтуға тегін жол жүру мүмкіндігі, сондай-ақ «Әскери баспана» тұрғын үй бағдарламасына қатысу секілді әлеуметтік қолдаудың нақты шаралары арқылы жүзеге асырылады.
– Әрбір әскери қызметші мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды сезінуі тиіс. Әскердің әлеуеті лайықты қызмет жағдайын қамтамасыз етуге және жеке құрамның рухани-психологиялық ахуалын сақтауға негізделеді. Отан қорғаушы өз отбасына алаңдамай, ертеңгі күніне сенімді болуы керек Сонда ғана ол қойылған міндеттерді толыққанды орындай алады, – деп атап өтті генерал-майор А. Мұстабеков.
Кездесу соңында Қорғаныс министрінің орынбасары жеке құрамды Наурыз мерекесімен құттықтап, әскери қызметшілерге мықты денсаулық, отбасыларына амандық және Отан игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша генерал-майор Асқар Мұстабеков жеке құрамды әлеуметтік қолдау шараларын одан әрі дамыту, тәрбие және идеологиялық жұмысты жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1185852?lang=kk