Жыл басынан бері әскери спортшылар халықаралық жарыстарда жүзден астам медаль жеңіп алды

Жыл басынан бері әскери спортшылар халықаралық жарыстарда жүзден астам медаль жеңіп алды

20.03.2026 17:19:51 194

Наурызнама аясындағы Ұлттық спорт күнін Қарулы күштердің әскери қызметшілері де ұйымдасқан түрде атап өтіп жатыр.

Барлық әскери бөлімдер мен оқу орындарында жауынгерлер қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ, қыз қуу, қол күресі және садақ ату сияқты дәстүрлі спорт түрлерінен жарыс өткізіп, мерекелік көңіл-күй қалыптастырды.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты тау қорықшысы полкінің жеке құрамы үшін ат спорты – жауынгерлік дайындықтың маңызды бөлігі. Өйткені олар қызмет барысында тау асуларынан өту, күзет қою, барлау жасау, торуылдау және шабуылдау сынды күрделі тапсырмаларды орындайды. Таулы жерде жүк тасымалдауда олардың сенімді серігі – қылқұйрықтар.

Ұлттық спорт күні жігіттер «Теріс Ащыбұлақ» полигонын ипподромға айналдырып жіберді. Келісімшарт бойынша әскери қызметші ефрейтор Еркебұлан Уәлихан, мерзімді қызметтің сарбаздары Ерасыл Мейірманов, Азан Мырзакерім және Бекзат Аманжол «Аударыспақ», «Теңге алу», «Жамбы ату» секілді сайыстарда ат құлағында ойнап, ептілік көрсетті. Ал жиналған жұрттың делебесін қоздырған «Қыз қууда» байланысшы офицер аға лейтенант Ақнұр Исмаилованы қуып жетіп, бетінен сүйетін жігіт табылмады.

Бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар  жөніндегі орынбасары майор Қыдырәлі Әшірбаев Наурыздың  әскери ұжым арасындағы достық пен бауырмалдықты, ынтымақ пен берекені арттыратын маңызын атап өтті.

– Ұлттық ат спорты ойындары – көшпелі мәдениеттің ажырамас бөлігі, ерлік пен ептілікті дамытатын өнер. Осы арқылы атты әскер өз дағдыларын шыңдап, қару қолдану қабілетін жетілдіре алады. Сол себепті ат спорты тау қорықшысы бөлімшесінің жауынгерлік дайындық процесіне сәйкес келеді, – деді ол.

Шымкентте Қорғаныс министрлігінің Сабыр Рақымов атындағы әскери колледжінде ұландар қазақша күрес, қол күресі, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу және кір тасын көтеруден бақ сынады. 24 келілік кір тасын 210-рет көтерген 1 курс ұланы Азамат Амандық жеңімпаз атанды.

Гвардейск гарнизонындағы 22326 әскери бөлімінде өткен «Теңге алу», «Садақ ату», «Асық ату», «Арқан тарту» жарыстарына әскери қызметшілердің отбасы мүшелері белсенді қатысты. Бөлім командирі подполковник Бақтияр Заитов жеке құрамды Наурызбен құттықтап, мұндай шаралар балаларды спортқа баулып, ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелейтінін атап өтті.

Қонаев гарнизонындағы 58012 әскери бөлімінде де әскери қызметшілердің отбасылары мүшелерінің қатысуымен спорттық-отбасылық эстафета ұйымдастырылды.

Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөнідегі департаментінде өткен қол күресінен І-орынды сержант Айболат Қабылдин, 2-орынды 3-сыныпты сержант Марат Ахметқалиев, 3-орынды ефрейтор Парасат Нағымұрат иеленді. Ал қыздар арасында Анар Қалдығұлова жеңімпаз атанды.

Алматыда Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында да Ұлттық спорт күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Әскери қызметшілер садақ ату, қой көтеру, ләңгі тебу, асық ойнау, гир көтеру, арқан тарту, қол күресі секілді спорт түрлерінен бақ сынасты.

Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Жыл басынан бері Қарулы күштердің спортшылары әлем және Азия чемпионаттарында Қазақстан қоржынына жалпы саны 110 медаль салғанын айта кету керек. Оның ішінде 49 алтын, 32 күміс және 29 қола медаль бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186100?lang=kk