Құрметті сарбаздар мен матростар, сержанттар мен старшиналар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар!
22.03.2026 08:12:26 196
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Бұл күні күн мен түн теңеліп, Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады.
Наурыз – жаңа жыл мен жақсылықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы. Еліміз үшін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі.
Ұлтты ұйыстырып, бауырмалдық пен татулыққа үндейтін бұл мейрам ежелден уақыт пен ұрпақ сабақтастығын айшықтап, бейбітшіліктің айқын нышанына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен мемлекеттің тұрақты даму бағытындағы саясаты жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бүгінде Қазақстан тәуелсіздігін берік бекітіп, азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеріп, халықаралық аренада лайықты орынға ие болуда.
Қазіргі таңда қоғамды бірлік пен келісім, патриотизм мен тарихи мұраға құрмет секілді негізгі қағидалар төңірегінде біріктіру ерекше маңызға ие болып отыр. Біз Тәуелсіздіктің осы құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, оны әрі қарай нығайтуға тиіспіз.
Қарулы күштердің жеке құрамы бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатыр. Алдағы уақытта да солай боларына сенімдімін.
Жеке құрам өзінің жоғары кәсібилігімен әскери борышқа адалдық танытып, мемлекеттің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау туралы тапсырмаларды бұлжытпай орындауға дайын екенін ұдайы дәлелдеп келеді.
Бүгінгі көктем мерекесінде барша Қазақстан халқын, Қарулы күштердің жеке құрамын Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтап, елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Әрдайым шаңырақтарыңыздан ырыс пен ынтымақ, игілік пен молшылық кетпесін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі
авиация генерал-лейтенанты Д. Қосанов
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186720?lang=kk