Цифрландыру, бәсекелестік және ЕАЭО нарығына қол жеткізу
31.03.2026 18:14:13 196
Премьер-министрдің орынбасары–ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алқа мүшесі – Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Максим Ермоловичпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар бәсекелестік пен монополияға қарсы реттеу саласындағы өзара іс-қимыл мәселесін кеңінен талқылады. Жүйелі өзара іс-қимыл құру, үздік тәжірибелерді үйрену мен салалық органдар арасындағы ынтымақтастықты дамыту тәсілі қаралды.
«Мемлекеттік сатып алуды цифрландыру, бәсекелестікті дамыту және ЕАЭО нарығына тең қол жеткізу біздің өзара іс-қимылымыздың негізгі бағыты болып қала береді. Кедергілерді жоюға және бизнестің мүмкіндігін арттыруға арналған жүйелі жұмысты құру маңызды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Мемлекеттік сатып алу шеңберінде өзара тауар жеткізуді арттыру, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өнімдерінің одақ елдерінің нарығына шығуын қамтамасыз ету тәсілін пысықтауға ерекше назар аударылды. Осы жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін одан әрі жетілдірудің маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ алдағы V Еуразиялық экономикалық форум шеңберінде бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі блоктың іс-шараларын дайындау және өткізу мәселесі бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алуды цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын пайдалану, бәсекелестік саясатта заманауи құралдарды қолдану мәселесіне арналған тақырыптық сессиялар талқыланды.
«Еуразиялық экономикалық форум — бұл бірегей алаң. Халықаралық ұйымдардың, БРИКС, ЭЫДҰ әріптестерін шақыра отырып, тақырыптық секциялардың мазмұнын молайту маңызды. Қазақстанда жыл сайын Еуразиялық монополияға қарсы форум өткізілсе, бәсекелестік құқық бойынша білім беру бағдарламалары да жұмыс істейді. Біліктілікті арттыру бойынша да жүйелі жұмыс құрылған. Біз ынтымақтастыққа, тәжірибе мен ақпарат алмасуға әзірміз», — деп атап өтті вице-премьер.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар деректер алмасып, сараптамалық өзара іс-қимылға, кадрлық әлеуетті дамытуға, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1191056?lang=kk