180 жылдыққа 180 көшет отырғызылды
03.04.2026 15:24:16 287
Алматы облысындағы Жамбыл ауылында жыр алыбының 180 жылдық мерейтойына орай игі шара өтті. Ақынның мұражай-үйі маңына 180 түп жеміс ағашы отырғызылды. Экологиялық акцияға 40-қа жуық тұрғын атсалысты,-деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауыл әкімі Бақытжан Жайламысов бұл бастама Жамбыл Жабаевтың айтулы мерейтойына орай «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізілгенін айтты.
- «Шараға ақсақалдардан бастап, жастар, түрлі мекеме қызметкерлері қатысты. Бұл – тұрғындардың ауызбіршілігінің, ауылға деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Алдағы уақытта жол жиегіне қайың ағашын отырғызу жоспарда бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады», – деді ауыл әкімі.
Отты жырларымен халық жүрегіне жол тапқан Жамбыл Жабаев осы мұражай маңында жерленген. Ал, оның жанында өзінің өтініші бойынша әйгілі күйші, сазгер Нұрғиса Тілендиев те тыныштық тапқан. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мұнда алыс-жақын елдімекендер мен шетелдерден қонақтар көп келеді. Сондықтан да мұндай экологиялық шараларды жиі өткізу өте маңызды.
Акцияға қатысқан Шолпан Ахмедиева бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, Жамбыл Жабаевтың әруағына көрсетілген құрмет екенін айтты. Осындай мәнді шараға өз үлесін қосқанына қуанышты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1193466?lang=kk