ҚР Сыртқы істер министрлігінде Өңірлік экологиялық саммитке дайындық барысы таныстырылды
03.04.2026 19:22:38 257Астана, 2026 жылғы 2 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық тақырыбында дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Іс-шара барысында Қазақстанның халықаралық басым бастамалары, оның ішінде Су жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасын ілгерілету және БҰҰ-ның сайланбалы органдарына мемлекеттің кандидатурасын ұсыну бағытындағы ағымдағы жұмыс таныстырылды.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Саммиттің Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шақырылып отырғанын атап өтіп, оның өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, тұрақты дамуды ілгерілетуге және экология мен климат саласында практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталғанын жеткізді.
Қазақстандық дипломаттың пікірінше, елдің климаттық бейтараптыққа көшу, атом энергетикасын дамыту, сондай-ақ Арал теңізін қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы ауқымды жобалары Қазақстанды «жасыл» күн тәртібі көшбасшыларының қатарына шығарады. Іс-шара БҰҰ-мен серіктестікте жүзеге асырылуда, 17-ден астам құрылым тақырыптық сессиялардың тең ұйымдастырушысы және салалық бағдарламалар мен жобалардың бастамашысы ретінде қатысады.
Орталық Азия климаттық қоры Жобалық офисінің басшысы Ерлік Қаражан мазмұндық күн тәртібінің негізгі бағыттарын, оның ішінде өңірлік экологиялық жобалар портфелін қалыптастыру және «жасыл» инвестицияларды тарту мәселелерін таныстырды. Сондай-ақ, Саммитке дайындық барысы туралы хабарлап, халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін және жоғары деңгейдегі шетелдік делегациялардың қатысуы күтілетінін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Зүлфия Сүлейменова Мемлекет басшысының БҰҰ жанынан Су жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан консультациялар туралы хабарлап, климаттық сын-қатерлер мен су ресурстары тапшылығы жағдайында халықаралық күш-жігерді шоғырландырудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар дипломатиялық корпусқа Ләззат Қалтаеваның 2027–2030 жылдар кезеңіне БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетіне сайлану үшін ұсынылған кандидатурасы таныстырылды.
Л.Қалтаева өз қызметінің басымдықтарын баяндап, білім алуға, жұмыспен қамтуға және әлеуметтік интеграцияға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге баса назар аударды, сондай-ақ инклюзивтілік, кемсітпеушілік қағидаттарына және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ілгерілетуге бейілділігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1193867?lang=kk