Қазақстан мен Әзербайжан стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне шығып келеді
08.04.2026 18:13:36 79Баку, 2026 жылғы 8 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Әзербайжан Республикасына ресми сапары аясында Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен келіссөздер жүргізді.
«Мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында соңғы үш жылда қазақ-әзербайжан қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді», - деп атап өтті Е. Көшербаев.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды, атап айтқанда екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, транзиттік-көліктік және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қарастырылды.
Екіжақты қатынастарда басты ден сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қойылуда. Экономикалардың ресурстары өзара сауда ауқымын соның ішінде инвестициялар мен өнеркәсіптік кооперация есебінен ұлғайту әлеуетіне ие.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты іске асырылу барысын егжей-тегжейлі қарастырды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өзара сауда көлемі 5 есе өсіп, 2025 жылы 470,7 млн АҚШ долларын құрағаны аталып өтті, сонымен бірге министрлер осы көрсеткіштің 1 млрд АҚШ долларына дейін жетуіне жәрдемдесуге келісті.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты, сондай-ақ Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін және терең су асты электр кабелін тарту сияқты флагмандық инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын талқылады.
Қазақстандық энергоресурстардың әлемдік нарықтарға Әзербайжан аумағы арқылы транзиті, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік кооперация және телекоммуникация салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Осыған байланысты қазақ-әзербайжан Тікелей инвестициялар қорының өсіп келе жатқан рөлі аталып өтті.
Сұхбаттастар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына қанағаттанушылық білдіріп, Қазақстанда өткен Әзербайжан мәдениетінің күндері мен Әзербайжанда өткен Қазақстан мәдениеті күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ білім беру саласындағы өзара іс-қимылдың жандануы, атап айтқанда, қазіргі уақытта Әзербайжанда өтіп жатқан Қазақстанның жоғары білім күндері оң бағаланды. Туризм саласында да оң серпін байқалады: екі елдің қалалары арасында аптасына шамамен 30 әуе рейсі жүзеге асырылады.
Кездесу барысында Министрлер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «ұстанымдарын» салыстырып, көпжақты құрылымдар, оның ішінде БҰҰ, ТМҰ, АӨСШК, ТМД, ИЫҰ, Каспий саммиті шеңберіндегі одан арғы тығыз ынтымақтастыққа деген бейілділігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1196572?lang=kk