Қазақстан мен Армения СІМ басшылары ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен жолдарын айқындады
09.04.2026 19:06:41 337Ереван, 2026 жылғы 9 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ереванға ресми сапары барысында Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен келіссөздер жүргізді.
Тараптар көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі нығайту перспективаларын жан-жақты қарастырды. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ транзиттік-көліктік әлеует мәселелеріне ерекше назар аударылды. Үкіметаралық комиссия мен Қазақ-армян іскерлік кеңесі қызметінің маңызды рөлі аталып өтті.
«Біз үшін өзара тауар айналымының сапалық және сандық өсуіне жәрдемдесу маңызды міндет. Бұған сауданы әртараптандыру, өзара негізде тауарлардың жаңа түрлерін елдеріміздің нарығына ілгерілету мүмкіндіктерін жасау ықпал етуі мүмкін», – деді Е.Көшербаев.
Тараптар Арменияда тіркелген қазақстандық капиталдың қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын және Қазақстанда жұмыс істейтін 400-ден астам армян компаниясы қалыптастыратын сауда байланыстарын нығайту үшін жақсы негіздің бар екенін атап өтті.
Е.Көшербаев әріптесіне Қазақстандағы инвесторларға берілетін түрлі преференциялар пакеті туралы хабарлады. Ол екі елдің әлеуетін біріктіру инвестициялық ынтымақтастықты айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастық перспективалы және өзара тиімді бағыттарға жатқызылды. Осыған байланысты Қазақстанда «TUMO Astana» армян білім беру орталығының филиалын құру бойынша табысты жоба аталып өтті. Қазақстан СІМ басшысы инновациялық экожүйені дамытуға және отандық технологиялық шешімдерді ілгерілетуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Серіктестік байланыстардың жаңа және перспективалы бағыттары ретінде атом энергетикасы, фармацевтика, жоғары білім және денсаулық сақтау салалары қарастырылды.
Қазақстандық сыртқы саяси ведомствоның басшысы су ресурстарын тиімді басқару саласындағы жаһандық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған БҰҰ жүйесі аясындағы Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына назар аударды.
Тараптар өңірлік көлік коммуникацияларымен байланысты мәселелерді де талқылап, транзиттік-логистикалық байланыс Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ нарықтарының интеграциялануы үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті. Қазақстан мен Армения қалалары арасындағы тікелей авиарейстерді қалпына келтіру мәселелерін шешу серпіні қанағаттанушылықпен айтылды.
Сұхбаттасушылар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын салыстырды. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар аясындағы сындарлы өзара іс-қимыл аталып өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1197637?lang=kk