Қазақстан мен Армения консулдық консультациялар өткізіп, консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді
10.04.2026 08:42:07 206
Ереван, 2026 жылғы 9 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Армения Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған Іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Ереван қаласында консулдық мәселелер бойынша жоспарлы консультациялар өтті.
Қазақстан делегациясын СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков басқарды. Армения тарапынан СІМ Консулдық департаментінің басшысы Артур Петросян болды. Сонымен қатар кездесуге екі мемлекеттің құзыретті органдарының өкілдері қатысты.
Кездесу сындарлы әрі іскерлік жағдайда өтті, қатысушылар консулдық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге жан-жақты шолу жасады. 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойылған азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы, сондай-ақ көші-қон саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімдерді практикалық іске асыруға ерекше назар аударылды. Тараптар аталған келісімдер екіжақты қатынастардың құқықтық негізін нығайтып қана қоймай, сондай-ақ екі ел азаматтары мен іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту үшін қолайлы жағдай жасағанын атап өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша делегациялар басшылары қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітіп, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындайтын консультациялардың қорытынды Хаттамасына қол қойды. Қазақстан және армян тараптары өз азаматтарының мүдделері үшін серіктестікті дәйекті түрде тереңдетуге дайын екендіктерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1197753?lang=kk