«Таза Қазақстан»: Алматы облысында экологиялық шаралар жоспары әзірленді
10.04.2026 19:23:17 263
Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында арнайы жоспар әзірленді. Оған әртүрлі форматтағы 300 экологиялық іс-шара енгізілді. Онда 25-30 адамнан тұратын шағын көлемдегі іс-шаралармен қатар, кең ауқымды акциялар, ағаш отырғызу науқандары, сенбіліктер, экологиялық челлендждер, ақпараттық-түсіндіру кездесулері және танымдық тренингтер қамтылған, – деп хабарлайды Алматы облысының баспасөз қызметі.
Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспар бекітілді. Аймақ басшысы кемшіліктерді жойып, жұмыс қарқынын күшейту керегін айтты. Жыл басынан бері облыста экологиялық шараларға 120 мыңға жуық адам қатысқан. Нәтижесінде 1321 тонна қоқыс жиналып, 102 арнайы техника жұмылдырылды және 450 гектарға жуық аумақ тазартылды. Сонымен қатар Telegram-бот арқылы 1402 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1132-сі орындалды, 259-ы кері қайтарылды, ал қалған 11-і – орындалу сатысында.
Бүгінде көктемгі-күзгі санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу бойынша қаулы қабылданған. Соған сәйкес облыстың әрбір ауданы мен қаласын, елді мекенін, сондай-ақ 2000-ға жуық кәсіпорынды қамтитын санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындар, жастар, бизнес өкілдері және қоғам белсенділерінің қатысуымен аптасына екі рет – бейсенбі және сенбі күндері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Ол үшін облыс бойынша 30 мың адам және 50-ге жуық арнайы техника жұмылдырылады. Биыл өңірде көгалдандыру бағытында 220 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Жыл басынан бері оның 22 мыңы егілді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қонаев қаласында экопарк құру жұмыстары басталды. Жоба 10 гектар аумақты қамтиды.
Экопарк аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Онда 5 мың ағаш (терек, акация, ива, қарағаш, катальпа, сумах) отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар «Көшпенділер қалашығы» маңында экопарк құру жұмыстары қолға алынған. Осы жылдың 18 сәуірінде алғашқы 500 түп ағаш отырғызылатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман қорын ұлғайту тапсырмасына сәйкес 2021-2027 жылдар аралығында өңірде 23,8 мың гектар аумаққа 52,6 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Өткен 5 жыл ішінде бұл жоспар 83 пайызға орындалды.
Биыл 2077 гектар аумаққа 4,6 млн түп ағаш егу көзделген. Облыста жалпы аумағы 129,9 гектар болатын 12 тұқымбақ бар. Орман қорын молайту бағытындағы жұмыстар үшін тұқымбақта өсірілетін көшеттер толығымен жеткілікті. «Мөлдір бұлақ» экоакциясы аясындағы шаралар да басты назарға алынған. Осы уақытқа дейін Түрген шатқалындағы Киелі, Шилібастау, Диірмен базы, Құртты, Әлмерек баба және Еңбек ауылы маңындағы бұлақтар тазартылып, 300 түп ағаш отырғызылды. Шараға еріктілер, ақсақалдар және түрлі ұйым өкілдерінен құралған 1500-ден астам адам қатысты. 21 техника жұмыс істеді. Бұдан бөлек, «Алматыоблсушар» кәсіпорнының өндірістік учаскелері және Үлкен Алматы каналы филиалы тарапынан 42 шақырым канал тазаланып, 80 тал егілді.
Марат Елеусізұлы өңірдегі экологиялық шаралар жоспарға сай жүргізілуі үшін жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.
- «Экологиялық шаралардан өңірдегі ешқандай елді мекен қалыс қалмауы керек. Тазалық сақтамаған жеке тұлғалар мен компанияларға тиісті шара қолданылуы қажет. Ол үшін бейнебақылау, жасырын мониторинг, рейд жүргізу шаралары күшейтілуі тиіс. Егілетін ағаш түрлері өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейім болуы шарт. Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру маңызды. Ал тәртіпке бағынбаған жағдайда жауапқа тартылатынын түсінуі керек. Экологиялық акцияларға жастар мен еріктілер, кәсіпорындар мен үкіметтік емес ұйымдар, тұрғындар бір кісідей атсалысқанда ғана нақты нәтиже қол жеткіземіз», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы керегін ерекше атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1198823?lang=kk