Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті
13.04.2026 20:54:14 328Астана, 2026 жылғы 13 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Француз Республикасының Парламенті Сенатының Сыртқы істер, қорғаныс және қарулы күштер жөніндегі комиссиясының төрайымы – Франция Сенатының «Франция – Орталық Азия» достық тобының мүшесі Валери Буайе бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қазақ – француз стратегиялық әріптестігінің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды.
Энергетика, көлік, және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ климаттық күн тәртібі мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың тиімді құралы ретінде парламентаралық диалогты кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестігін одан әрі дәйекті дамытуға өзара ниетілігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1200082?lang=kk