Өңір басымдығы — қуатты бизнес, тұрақты даму
15.04.2026 15:37:12 345«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың өңірге жұмыс сапары аясында жергілікті кәсіпкерлікті дамыту перспективалары талқыланып, жетекші кәсіпорындарға бару жоспарланды. Бизнес өкілдерімен диалог, өңірлік кеңеспен кездесу және «Бір ауыл – бір өнім» көрмесін аралау секілді шаралар басты тезисті айқындап берді: Қостанай облысы Қазақстанның негізгі индустриялық-аграрлық аймақтарының бірі мәртебесін нықтап отыр.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір үшін ірі өндірістерді дамыту және шағын және орта бизнес үшін барынша қолайлы орта қалыптастыру бүгінгі күннің басым бағыттары екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда Қостанай облысы – еліміздің тұрақты дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Облысымыз өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі жағынан республикада төртінші орында тұр. Аймағымыз – машина жасау орталығы, республика бойынша жалпы өндірістің 25%-і Қостанай облысына тиесілі. Өңіріміз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп экспорттау және азық-түлік өндіру жағынан еліміз бойынша жетекші орында. Әрбір инвестициялық жоба тұрақты жұмыс орындарын ашумен және жергілікті инфрақұрылымды дамытумен ұштасуы маңызды. "Атамекен" ҰКП-мен өзара іс-қимыл кәсіпкерлерден жедел кері байланыс алуға мүмкіндік береді», — деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Қанат Шарлапаев Ұлттық палатаның биылғы жылға арналған негізгі басымдықтарын белгіледі. Оның айтуынша, басты назар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және отандық бизнестің әлеуетін ашуға бағытталған.
Палата төрағасы аймақтағы бірқатар жетекші кәсіпорындармен, ірі инвестициялық жобалармен танысты. Бизнес өкілдерімен кездесу барысында негізгі сұрақтар құрылыс, аграрлық сала, отандық өндірушілерді қолдау және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне қатысты болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1201335?lang=kk