Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың 11-ші Шолу конференциясындағы басымдықтары Венада талқыланды

Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың 11-ші Шолу конференциясындағы басымдықтары Венада талқыланды

15.04.2026 15:37:17 472

Вена, 2026 жылғы 13 сәуір - Қазақстан бастамасымен БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) орындалуын қарау жөніндегі 11-ші Шолу конференциясына арналған тақырыптық семинар өтті. Іс-шара дәстүрлі түрде Қазақстан, Аустрия және Швейцарияның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдіктерімен бірлесе отырып, халықаралық сарапшы Тарик Рауфтың модераторлығымен ұйымдастырылды.

ЯҚТШ Шолу конференциясының тағайындалған төрағасы, Вьетнамның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі До Хунг Вьет, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гросси, сондай-ақ Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Роберт Флойд семинар қатысушылары үшін бейнежолдауын жариялады. Аталған семинарды ұйымдастыру алдағы шолу конференциясының Екінші бас комитетінде (ядролық таратпау мәселелері) Қазақстанның төрағалығын ескере отырып ерекше өзектілікке ие болды.

Семинар жұмысы ЯҚТШ-ның негізгі үш тірегін – қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерін, сондай-ақ шолу конференциясының рәсімдік ұйымдастырылуы мен консенсустық қорытынды құжатты әзірлеу тақырыптарын қамтыған бес негізгі сессиясы аясында өтті. Қатысушылар жаһандық ядролық қауіпсіздік архитектурасының қазіргі жай-күйіне, ЯҚТШ аясындағы негізгі келіспеушіліктерге және алдағы шолу конференциясынан күтілетін нәтижелерге қатысты пікір алмасты.

Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде елдің ЯҚТШ мақсаттары мен қағидаттарына берік ұстанымын растады. Ол күрделі халықаралық жағдай жағдайында шарттың бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол делегацияларды сындарлы диалогқа, сенім шараларын нығайтуға және таратпау режимін күшейтуге бағытталған прагматикалық шешімдер іздеуге шақырды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта жандандыру бастамасының өзектілігі атап өтілді.

Семинардың бірінші сессиясы АЭХА кепілдіктерінің рөлі мен Агенттіктің ядролық және радиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мандатына арналып, Қазақстан Елшісінің төрағалығымен өткізілді. Талқылауларда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Шарт ережелерін табысты іске асырудың мысалдарының бірі ретінде Қазақстандағы АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкінің қызметі, сондай-ақ қауіпсіз және тұрақты атом энергетикасын дамытуға ықпал ететін өзге де халықаралық бастамалар атап өтілді.

ЯҚТШ-ны қарау жөніндегі шолу конференциясы 2026 жылғы 27 сәуір мен 22 мамыр аралығында Нью-Йорк қаласында өтеді. Оның жұмысына шартқа қатысушы 191 мемлекет, оның ішінде бес ядролық держава қатысып, жаһандық таратпау режимін сақтау және нығайту перспективаларын талқылайды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1201294?lang=kk