Қазақстан мен KU Leuven маңызды шикізат және тұрақты металлургия саласындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады
17.04.2026 20:45:43 729
Лёвен, 2026 жылғы 17 сәуір – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Лёвен Католиктік Университетінің Тұрақты металдар мен минералдар институтына (KU Leuven SIM²) барып, институт директоры профессор Питер Том Джонспен кездесу өткізді, сондай-ақ SOLVOMET ғылыми-зерттеу орталығының қызметімен танысты.
Кездесу барысында тараптар маңызды шикізат, тұрақты металлургия, айналмалы экономика және ресурстарды өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңартылатын сутегі саласындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі 2022 жылғы Меморандумды іске асыруға, сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған тиісті Жол картасына ерекше назар аударылды.
Елші Қазақстанның жаһандық ресурстық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Елде Еуропалық одақ айқындаған 34 материалдың 21-і өндіріледі. Сонымен қатар, елімізде 103 түрлі пайдалы қазбаның 9 мыңнан астам кен орны бар екені және мыс, хром, титан, фосфор, бериллий, тантал және марганецтің Еуропа нарығына жеткізіліп отырғаны атап өтілді.
Осыған байланысты Еуропалық комиссияның қолдауымен іске асырылып жатқан маңызды шикізат бойынша қосылған құн тізбектерін дамыту жөніндегі ЕО механизміне (CRM Facility) ерекше назар аударылды. Қазақстанның осы бастамаға қатысуы инвестиция тартуға, терең өңдеу технологияларын енгізуге және еуропалық өнеркәсіппен ынтымақтастықты қоса алғанда, жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялануға қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
Р. Василенко шикізатты өңдеудің заманауи технологияларын енгізудің маңыздылығын атап өтті, оның ішінде сирек элементтерді өндіру, сондай-ақ тау-кен және металлургия қалдықтарын қайта өңдеу мәселелері. Қазақстан тарапы сондай-ақ KU Leuven және SOLVOMET орталығы әзірлемелерін қоса алғанда, озық еуропалық технологиялар мен сараптаманы тартуға қызығушылық білдірді.
Сапар барысында Елші SIM² және SOLVOMET орталықтарының ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, оның ішінде гидрометаллургия зертханалары, еріткіштер арқылы экстракциялау қондырғылары және пилоттық металл өңдеу қондырғыларымен танысты. Орталық қызметі жабық өндірістік циклдерді дамытуға және өнеркәсіптің көміртек ізін төмендетуге бағытталғаны атап өтілді. Тараптар сондай-ақ қазақстандық және еуропалық ғылыми ұйымдардың ЕО бағдарламаларына, оның ішінде Horizon Europe бағдарламасына бірлесіп қатысу мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді іске асыру, технологиялар трансфері және кадрлар даярлау арқылы ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдетуге өзара мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1203655?lang=kk