Кеген ауданындағы Саты ауылында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда
18.04.2026 13:30:38 282
Кеген ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Аудан тұрғындары үшін бұл бастама тек сенбіліктер өткізумен шектелмей, елді мекендерді, қоғамдық орындарды және туристік бағыттарды абаттандыруға бағытталған ауқымды жұмыстарға ұласты.
Экологиялық науқан аясында ауыл тұрғындары, әкімдік қызметкерлері, ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйым мүшелері көшелерді, аулаларды және әкімшілік ғимараттарға іргелес аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуде. «Киелі мекен» апталығы барысында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтарын абаттандыру шаралары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында биылғы 15 сәуірде 40 түп шырша көшеті отырғызылды. Бұған дейін 150 жас терек, 40 алма ағашы, 20 алмұрт және 150 қайың егілген болатын.
Саты ауылы әкімінің орынбасары Олжас Қырғызжанұлының айтуынша, 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында ардагерлердің аулаларын абаттандыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Ал «Мөлдір бұлақ» акциясы шеңберінде су айдындары мен жағалауларды қоқыстан тазарту көзделген. Соңғы апталарда ауыл маңынан бірнеше тонна қоқыс шығарылды.
Акция аясында көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берілуде. Биыл Саты ауылында және оған іргелес аумақтарда жүздеген көшет отырғызылды. Ағаш егу әр буын өкілдерін біріктіретін игі дәстүрге айналып, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1203765?lang=kk