Қазақстан Индонезиядағы өңірлік конференцияда жаһандық ядролық қарусыздануға шақырды
18.04.2026 13:52:26 201
Джакарта, 2026 жылғы 17 сәуір – Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезия және Аустрия үкіметтері, Халықаралық Қызыл Крест Комитеті мен «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқан» (ICAN) ұйымы ұйымдастырған Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт (ЯҚТШ) бойынша Азия-Тынық мұхиты өңірлік конференцияға қатысты.
Елші өз сөздерінде жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпау Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді. Еліміздің қағидатты ұстанымының негізінде бұрыңғы Семей полигонында жасалған және 1,5 миллионнан астам азаматтың зардап шегуіне әкеп соққан 450-ден астам ядролық сынақтың қайғылы мұрасы жатқаны атап өтілді. Осыған орай дипломат ЯҚТШ-ның ядролық қауіп-қатерлерді толық жоюға жол ашатын негізгі халықаралық құралдардың бірі ретіндегі маңыздылығын атап өтті.
Шарт ережелерін іс жүзінде жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Елші конференцияға қатысушыларды аталған құжатты әлемнің барлық елдерінің тезірек ратификациялауына ықпал етуге, сондай-ақ Қазақстан мен Кирибатидің ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету және ластанған аумақтарды оңалтуға арналған Халықаралық траст қорын құру жөніндегі бастамасын қолдауға шақырды.
Ядролық қаруға тыйым салу және жаппай қырып-жою қаруынан азат әлемге қол жеткізу жолындағы жаһандық диалогта Қазақстанның «көпір» рөлін атқаруға дайындығы тағы да расталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-jakarta/press/news/details/1203767?lang=kk