ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ТАЗА АУЛА» АКЦИЯСЫ: 55 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ТАЗА АУЛА» АКЦИЯСЫ: 55 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ

18.04.2026 15:09:20 170

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» атауымен ұйымдастырылған акция мегаполистің барлық бес ауданын қамтып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Ауқымды экологиялық шараға қала тұрғындары, еріктілер, жастар, еңбек ардагерлері, сондай-ақ түрлі мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері және коммуналдық қызмет мамандары белсенді қатысты. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде аулалар, көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, шөптер шабылып, ағаштар бұталып, әктеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы акцияға 55 мыңға жуық адам қатысып, 352 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 461 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.
Тазалық акциясында қала жастары ерекше белсенділік танытты. 500-ге жуық жас пен ерікті аудан аумақтарында тазалық жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысты. Сонымен қатар, іс-шара барысында Шымкент қаласының экологиялық мәдениетін насихаттауға бағытталған қаланың басты экокейіпкерлері Эконай мен Экобек тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға және тазалықты сақтауға шақырды.
Аудандық деңгейдегі жұмыстар да жоғары ұйымдасқан түрде өтті. Абай ауданында тазалық жұмыстары Тұран шағын ауданындағы Шмидт көшесінде орналасқан №6 көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан басталып, өзге аумақтарда жалғасын тапты. Іс-шараға 22 мыңнан астам адам мен 50 арнайы техника жұмылдырылып, 118 тоннадан астам қалдық шығарылды.
Әл-Фараби ауданында №15 шағын аудандағы бірнеше тұрғын үйдің аулалары тазартылып, аумақтар ретке келтірілді. Бұл жұмыстарға тұрғындармен қатар білім беру саласының қызметкерлері, коммуналдық мекемелер мен жастар белсенді қатысты. Жалпы 5 мыңға жуық адам қатысып, 39 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 90 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Еңбекші ауданында сенбілік Е. Спатаев көшесінен Айдын көшесіне дейінгі аумақта және Алдияров көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өтті. Аулалардағы қоқыстар шығарылып, жасыл желекке күтім жасалды. Іс-шараға 13 мыңнан астам адам қатысып, 86 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 65 тонна қалдық шығарылды.
Қаратау ауданында «Астана» және өзге де шағын аудандардағы аулалар тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы 6 мыңнан астам адам мен 60 техника жұмылдырылып, 54 тонна қоқыс шығарылды.
Тұран ауданында тазалық жұмыстары бірнеше аумақта ұйымдастырылып, Республика даңғылы мен оған іргелес көшелердегі аулалар ретке келтірілді. Негізгі жұмыстар мал базары маңында жүргізілді. Ауданда 9 мыңға жуық адам мен 117 бірлік арнайы техника тартылып, 133 тоннадан астам қалдық шығарылды.
Қатысушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы – бір реттік науқан емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыс. Қала тазалығы әрбір тұрғынның күнделікті дағдысына айналған жағдайда ғана мұндай бастамалардың тиімділігі арта түседі.
Шымкент тұрғындары бұл жолы да бірлік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Таза орта – сапалы өмірдің кепілі, ал оны сақтау – баршаға ортақ міндет.