Қазақстан Сыртқы істер министрі ТМҰ Бас хатшысын қабылдады
24.04.2026 08:35:58 197Астана, 2026 жылғы 23 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевті қабылдады.
Министр Қазақстан ТМҰ-ның құрылуына бастамашы мемлекет ретінде түркі интеграциясын одан әрі дамыту мен нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Осы тұрғыда, өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша іс жүзіндегі ынтымақтастықты тереңдетудің және бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығына көңіл аударды.
Бас хатшы Өңірлік экологиялық саммиттің (ӨЭС) жұмысын жоғары бағалап, мұндай ауқымды іс-шараның қорытындылары орнықты тәжірибелерді енгізуге және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Сонымен бірге К.Омуралиев ӨЭС аясында өткен ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің Қоршаған орта және экология министрлерінің 2-отырысының нәтижелері туралы хабардар етті.
Кездесудің күн тәртібі Қазақстан Республикасының ТМҰ-мен өзара іс-қимылының мәселелерін және әлемдік өзекті проблемалар мен өңірдегі ахуал бойынша пікір алмасуды қамтыды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1207468?lang=kk