Қазақстан Африка құрлығымен өзара ықпалдастықты кеңейтуде
24.04.2026 11:52:04 366
Мәскеу, 2026 жылғы 23 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев африкалық мемлекеттердің Ресей Федерациясында аккредиттелген елшілерімен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында Ә.Бақаев кездесуге қатысушыларды елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды экономикалық және саяси реформалармен таныстырды. Бүкілхалықтық референдум қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституция әділеттілік, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, инклюзивті қоғам құруға бағытталғаны аталып өтті.
Қазақстан-Африка ынтымақтастығын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қазақс дипломаты Африка Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатының басым бағыты болып саналатынын, құрлықтағы елдермен өзара іс-қимыл Африка мемлекеттері және Африка Одағы ұйымымен 2025-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық тұжырымдамасына негізделгенін атап өтті.
Тараптар саяси диалогты, оның ішінде жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуды, сыртқы істер министрліктері арасындағы кеңейтілген консультацияларды, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуды атап өтті. Құқықтық базаны нығайтуға және Қазақстанның Африка құрлығындағы дипломатиялық қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Сауда-экономикалық ықпалдастықтағы тұрақты оң динамика аталып өтті. 2025 жылдың соңына қарай Қазақстан мен Африка елдері арасындағы тауар айналымы 1,172 млрд АҚШ долларын құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. Көлік-логистикалық байланысты одан әрі дамытудың, сондай-ақ бизнес-форумдар мен сауда миссиялары арқылы іскер топтар арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтудің маңыздылығы туралы сөз көтерілді.
Көпжақты күн тәртібі шеңберінде Қазақстан тарапы БҰҰ, ИЫҰ және Африка Одағы ұйымы аясындағы үйлестіруді тереңдетуге, сондай-ақ өзара мүдделі мәселелер бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілетуге мүдделі екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Африка елдері арасындағы өзара тиімді және ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға бағытталған саяси диалог пен сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдету міндеттемесі расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1207743?lang=kk