Көктемгі шақыру: Астанада жастарды әскерге шығарып салу рәсіміне 1500 адам қатысты

Көктемгі шақыру: Астанада жастарды әскерге шығарып салу рәсіміне 1500 адам қатысты

24.04.2026 12:24:28 242

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында елордадан әскерге шақырылған жастарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, ҚР Парламенті депутаттары, Қарулы күштердің және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары мен жас сарбаздар - барлығы шамамен 1500 адам қатысты.

Әскерге шақырылушыларға Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков сәт-сапар тіледі.

– Сіздер үшін өмірдің маңызды кезеңі басталып отыр. Бұл жай ғана бір жылдық қызмет емес - бұл ерік-жігерді шыңдайтын, мінезді қалыптастыратын уақыт. Әскер Отанға деген сүйіспеншілікті, борыш пен жауапкершілік сезімін тәрбиелейді. Бүгін сіздерге «аманат» жүктеліп отыр - бұл тек ата-аналарыңыздың емес, бүкіл Қазақстан халқының сенімі, - деді ол.

Содан кейін генерал-майор Асқар Мұстабеков запасқа шыққан әскери қызметшілерге жоғары оқу орнында тегін білім алуға арналған сертификаттар табыстады. Бұл Қорғаныс министрлігінің «Sarbaz 2.0» әлеуметтік жобасының жүзеге асып жатқанының нақты көрінісі.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев өз сөзінде Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі әскердің маңызын атап өтті. Ол қазіргі әскер тек күштік құрылым ғана емес, сонымен қатар ел тұрақтылығының негізі, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды тірек екенін айтты.

Салтанатты жиынның ерекше сәті - «Аманат» рәсімі болды. Запасқа шыққан сарбаздар әскерге шақырылған жастарға әскери абырой мен ұрпақ сабақтастығын білдіретін қалқан мен қылышты табыстады.

– 1414 сервисінен хабарлама келген кезде, ойланбастан әскерге бару туралы шешім қабылдадым. Елді, отбасымды және жақындарымды қорғауды үйрену - менің парызым деп санаймын. Бүгін сарбаздарға жоғары оқу орнына түсуге сертификаттар берілгенін көрдім. Мен де өз күшімді сынап, осы мүмкіндікті пайдаланғым келеді, - деді әскерге шақырылушы Мағжан Сайлау.

Жастармен әскери-патриоттық тәрбие жүргізгені үшін Қазақстан Республикасы Қарулы күштері ардагерлері атынан елорда мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері алғыс хаттармен марапатталды.

Биыл елордадан барлығы 1400 жас әскерге шақырылады. Айта кетейік, Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметін жасақтау жұмыстары аяқталып, қазірде Қарулы күштер қатарына қабылдау жалғасып жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1207780?lang=kk