ШЫМКЕНТ: МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП, КӨРЕРМЕН БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТТЫ
24.04.2026 17:23:42 116
Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының 2026 жылдың I тоқсанындағы жұмыс қорытындылары таныстырылды. Басқарма басшысы Бауыржан Орынтаевтың мәлімдеуінше, есепті кезеңде мәдени-шығармашылық бағытта бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылған.
Қазіргі таңда басқармаға қарасты 22 мәдениет ұйымы халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Оның ішінде 7 театр, 6 кітапхана, концерттік ұйымдар, музейлер, цирк және өзге де мәдени нысандар бар.
Шығармашылық бағытта да оң динамика қалыптасты. Театр саласында жыл басынан бері 6 жаңа қойылым сахналанып, 286 спектакль көрерменге ұсынылды. Жалпы көрермен саны 57 мыңнан асты. Қалалық циркте 20 қойылым ұйымдастырылып, 15 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен қатар концерттік ұйымдарда ондаған мәдени іс-шара өтіп, мыңдаған көрермен жиналды.
Мәдени-көпшілік іс-шаралар да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. І тоқсанда 11 ірі мәдени және ресми іс-шара өткізіліп, 500 мыңнан астам адам қамтылды. Атап айтқанда, Алғыс айту күні мен «Наурызнама» онкүндігі аясындағы шаралар кең көлемде өтті.
Кітапхана және музей салаларында да көрсеткіштер жоғары. Кітапханаларда 600 мыңнан астам келуші тіркеліп, жүздеген іс-шара ұйымдастырылды. Музей қорлары жаңа экспонаттармен толықтырылып, көрмелер саны артты.
Жалпы алғанда, І тоқсан қорытындысы мәдениет саласының жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Жыл соңына дейін жоспарланған жобалар мен іс-шаралар өз жалғасын табады.
Толығырақ: https://youtube.com/live/9whFWZMlz4E?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ