2026 жылдан бастап контрагенттің салық режимін тексеру – міндетті рәсім
24.04.2026 17:57:52 158
2026 жылдан бастап контрагенттің салық режимін тексеру – міндетті рәсім
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында салықтық есепке алу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа нормаларға сәйкес, жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті (ЖТС/ОУР) қолданатын салық төлеушілер жеңілдетілген декларация режимін қолданатын контрагенттермен жасалған мәмілелер бойынша шығындарды шегерімге жатқыза алмайды.
Осыған байланысты кәсіпкерлер үшін серіктестерінің салық режимін алдын ала тексеру маңызды талапқа айналып отыр. Бұл шара салықтық тәуекелдерді азайтуға және қаржылық шығындардың алдын алуға бағытталған.
Контрагенттің салық режимін тексерудің ресми әрі қолжетімді тәсілі – Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсындағы «Контрагенттер туралы мәліметтер» сервисін пайдалану. Аталған сервис арқылы салық төлеушінің БСН немесе ЖСН енгізу арқылы оның салық салу режимі, қосылған құн салығы бойынша тіркелуі, қызмет түрі (ЭҚЖЖ), сондай-ақ басқа да маңызды мәліметтерді алуға болады.
Сонымен қатар, сервис арқылы контрагенттің салық берешегі, тіркеу мәртебесі, құрылтайшылары мен басшылары туралы ақпарат, сондай-ақ сенімділік деңгейі жөніндегі мәліметтер қолжетімді.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа талаптар бизнестің ашықтығын арттыруға және адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Осыған байланысты кәсіпкерлерге шарт жасасу алдында контрагенттердің деректерін міндетті түрде тексеру ұсынылады.
Ресми ақпараттық жүйелерді пайдалану серіктестер туралы өзекті мәліметтерді жедел алуға мүмкіндік береді және салықтық есептілікті дұрыс жүргізуге жағдай жасайды.
Жаңа ережелерді сақтау кәсіпкерлерге қосымша салықтық жүктемеден сақтануға және бизнесті тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kostanay/press/news/details/1208261?lang=kk