СІМ-де БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен ынтымақтастықты дамыту талқыланды
24.04.2026 19:06:02 176Астана, 2026 жылғы 24 сәуір – Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Бас директорының орынбасары – Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Виорел Гуцумен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сыртқы саяси ведомствоның басшысы ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия өңірінде орнықты экологиялық тәжірибелерді ілгерілетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға қосып отырған елеулі үлесін атап өтті.
Е.Көшербаев Қазақстан мен ФАО арасындағы серіктестік бағдарламасы аясында бірлескен жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының климаттық орнықтылығын арттыру, экожүйелерді қорғау және өңірлік бастамаларды дамыту мәселелеріне басымдық берілетіні айтылды.
Қазақстан тарапы ФАО ұсынымдары негізінде ұлттық сертификаттау стандарттарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде В. Гуцу лецитин өндірісін дамыту және стандарттау мәселелерін қоса алғанда, жан-жақты әдіснамалық қолдау көрсетуге ФАО-ның дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ, ФАО-ның Өңірлік экологиялық саммиттің негізгі серіктесі ретінде белсенді қатысуына және форум аясында бірқатар жоғары деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруына ерекше назар аударылды.
Тараптар өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету мүмкіндіктерін, оның ішінде су ресурстарын тиімді басқару және жерді тұрақты пайдалану мәселелерін талқылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1208400?lang=kk