ҚР СІМ-де ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша Өңірлік директордың орынбасарымен балалар құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды
24.04.2026 19:53:29 183Астана, 2026 жылғы 24 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша Өңірлік директордың орынбасары Октавиан Биволмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат О.Биволға Өңірлік экологиялық саммитке қатысқаны үшін алғыс білдіріп, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Өңірлік кеңсесінің қазақстандық мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен Саммиттің панельдік сессиялары мен іс-шараларын ұйымдастыруға белсенді қолдау көрсеткені үшін ризашылығын жеткізді.
Ол экологиялық күн тәртібі мәселелері балалардың әл-ауқатымен тікелей байланысты екенін атап өтті, себебі балалар жаһандық климаттың өзгеруінен туындаған табиғи апаттар мен техногендік төтенше жағдайлар алдында ең осал топтардың бірі болып табылады.
О.Бивол Саммит алаңы өңірлік экологиялық күн тәртібіне жаңа қырынан қарауға мүмкіндік беріп, өңірлік экологиялық ынтымақтастықтың ең өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарды үйлестіруге жол ашқанын атап өтті.
ЮНИСЕФ өкілі Саммит аясында білім беру бағдарламаларына экологиялық тәрбие қағидаттарын енгізуге, қоршаған ортаға ұқыпты әрі саналы көзқарасты қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың табиғи ресурстарды ұтымды әрі үнемді пайдалану дағдыларын дамытуға негізделген «Жасыл мектеп» атты бірегей өңірлік жобаның бастау алғанын ерекше атап өтті.
О.Бивол Қазақстан Үкіметі мен ЮНИСЕФ арасындағы 2026–2030 жылдарға арналған жаңа елдік ынтымақтастық бағдарламасы балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғауға қатысты Қазақстанның негізгі ұлттық басымдықтарын көрсететінін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар балалар құқықтары мәселелері бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға және ЮНИСЕФ-тің Алматы қаласындағы Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығының негізінде қатысуын кеңейтуге келісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1208461?lang=kk