ЮНЕСКО Атқарушы кеңесі Қазақстан бастамасымен ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарын қолдау туралы құжат қабылдады

ЮНЕСКО Атқарушы кеңесі Қазақстан бастамасымен ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарын қолдау туралы құжат қабылдады

24.04.2026 19:53:32 297

Париж, 2026 ж. 24 сәуір – Қазақстан делегациясы 2026 ж. 8–23 сәуір аралығында ЮНЕСКО-ның Париждегі бас кеңсесінде Ұйымның Атқарушы кеңесінің кезекті 224-ші сессиясына белсенді қатысты.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Ұйымның жаңа Бас директоры Халед әл-Анани бастамашылық еткен «ЮНЕСКО-80» реформалау үдерісін және оның мүше мемлекеттермен, ұлттық комиссияларымен, сондай-ақ ЮНЕСКО жүйесіне кіретін өзге де құрылымдармен белсенді өзара іс-қимылын жоғары бағалады. Бұл құрылымдар Ұйымның ақпараттық-ағартушылық қызметінің негізін құрап, оның жергілікті деңгейдегі ықпалын қамтамасыз етеді деп атап өтілді. Сонымен қатар дипломат Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитке көрсетілген қолдау және алдағы «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумға бөлінген патронажы үшін ЮНЕСКО-ға алғыс білдірді.

Сессия аясында дәстүрлі түрде Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық комиссияларының жиналысы өтті. Онда сөз сөйлеген ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова Ұйымдағы жаңа даму серпініне қолдау білдіріп, білім беру, ғылым, мәдениет, коммуникация және ақпарат салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуда ЮНЕСКО Хатшылығы, ұлттық комиссиялар және басқа да байланысты құрылымдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Осы тұрғыда сессияның маңызды нәтижелерінің бірі Қазақстан бастамашылық еткен «ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарының Ұйым бағдарламалары мен жаһандық басымдықтарын іске асыруға қосатын үлесін күшейту» туралы Атқарушы кеңес шешімінің қабылдануы болды. Құжаттың тең авторлары әлемнің барлық құрлықтарындағы 41 мемлекет болды.

Қабылданған шешім ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарының жаһандық қозғалысын Ұйымның стратегиялық бағыттарын ілгерілетуге жүйелі түрде тарту үшін үйлестіруді күшейтуге бағытталған. Құжатта мұндай жұмысты жандандырудың маңыздылығы Біріккен Ұлттар Ұйымының 2026 ж. Орнықты даму мақсаттары үшін Халықаралық еріктілер жылы деп жариялауымен байланысты ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ Атқарушы кеңес Алматы қаласында өткен ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарының Ғаламдық жастар форумының қорытындыларын және 2030 жылға дейін арналған қозғалыс Жол картасын құптады. Атап өткеніміз жөн, Қазақстан 2023–2027 жж. ЮНЕСКО клубтарының Дүниежүзілік федерациясына төрағалық етуде.

ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтары алғаш рет 1947 ж. құрылған және Ұйым экожүйесіндегі ең ескі әрі ең ауқымды желілердің бірі болып табылады. Бұл қозғалыс бүгінде әлемнің 95 елінде 5 400-ден астам ерікті бастамаларды біріктіріп, жастар шығармашылығының дамуына, гендерлік теңдікті нығайтуға, мәдениетаралық диалогқа, инклюзивті білім беруге, экологиялық сананы қалыптастыруға және орнықты дамуға бағытталған.

Қазақстанның ЮНЕСКО клубтарының ұлттық федерациясы 2009 ж. құрылған және қазіргі таңда еліміздің әртүрлі өңірлерінде 236 клубты біріктіреді. Оның жобаларына жыл сайын 15 000-нан астам балалар, жасөспірімдер мен студенттер қатысады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-unesco/press/news/details/1208460?lang=kk