Қазақстан мен БАӘ стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейілділіктерін растады

Қазақстан мен БАӘ стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейілділіктерін растады

27.04.2026 11:19:05 167

Абу-Даби, 2026 жылғы 27 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар қазақ-әмірлік серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады, саяси диалогтың жоғары деңгейін және екі ел арасындағы дәстүрлі бауырластық қарым-қатынастарды атап өтті.

«БАӘ  Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық серіктесі болып табылады және екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық негізгі салаларда дәйекті нығайып келеді», - деп атап өтті Ермек Көшербаев.

Екі ел басшылығы арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Тараптар энергетика, көлік, инфрақұрылым, инновациялар, жасанды интеллект және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

«Экономикалық ынтымақтастық әрқашан біздің серіктестігіміздің берік негізі болды. Бүгінде БАӘ өңірдегі Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады және біз жаңа бірлескен жобаларды ілгерілетуге мүдделіміз», - деп атап өтті ҚР СІМ басшысы.

Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Е.Көшербаев өңірдегі қазіргі ахуал тұрғысынан Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріне қолдауы мен ынтымақтастығын растап, ушығудың алдын алудың және барлық қақтығыстарды халықаралық құқық қағидаттарына негізделген саяси және дипломатиялық құралдар арқылы шешудің маңыздылығын атап өтті.

 Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан БАӘ Президентіне 2026 жылдың 28-29 мамырында Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық одақ саммитіне қатысуға ресми шақыруды табыс етті.

Өз кезегінде шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаян қазақ тарапына қолдау білдіргені үшін алғыс білдіріп, дипломатиялық күш-жігерді ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның сындарлы ұстанымын жоғары бағалады.

 Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге, іс жүзіндегі іс-қимылды кеңейтуге және екіжақты және көпжақты форматтарда тығыз үйлестіруді жалғастыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1209075?lang=kk