Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысы ӨЭС алаңында талқыланды
27.04.2026 11:50:39 207Өңірлік экологиялық саммит аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымында Халықаралық су ұйымын (ХСҰ) құру мәселесі бойынша халықаралық консультациялардың алғашқы раунды өтті.
Іс-шараға мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ ғылыми және сарапшы қауымдастықтың жоғары деңгейлі өкілдері қатысты.
Консультациялардың ашылуында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың атынан сөз сөйлеген ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су күн тәртібін тиімді іске асыру мақсатында БҰҰ-ның тиісті мандаттарын шоғырландыру жөніндегі бастамасының негізгі мақсаттарын атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және су мәселелері жөніндегі орынбасары Л.Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының су ресурстары жөніндегі арнайы өкілі Р.Марсуди (бейнеүндеу арқылы), БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысы Т.Молчан, сондай-ақ, ЮНЕСКО, UN Water және БҰҰ-ның басқа да мамандандырылған мекемелерінің өкілдері ХСҰ құру мәселесі бойынша өз көзқарастарымен бөлісті.
Елдік ұстанымдар мен ұсыныстарды Әзербайжан Президентінің климат мәселелері жөніндегі өкілі, COP29 Президенті М. Бабаев, Өзбекстанның су ресурстары министрі Ш. Хамраев, Сербияның қоршаған ортаны қорғау министрі С. Павков, бірқатар елдердің бейінді министрліктері басшыларының орынбасарлары мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өзге де өкілдері ұсынды.
Жалпы алғанда, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және ғылыми қауымдастық өкілдері ҚР Президентінің ХСҰ құру жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Қатысушылар су саласындағы жаһандық басқару жүйесін жетілдірудің өзектілігін ескере отырып, оның уақтылығы мен орындылығын атап өтті.
Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері ХСҰ құру бойынша алдағы талқылауларға сындарлы түрде қатысуға дайын екендіктерін растады.
Өз кезегінде Консультациялар модераторы, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі З.Сүлейменова қатысушыларға келіссөздер үдерісін бастауға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның аталған бастаманы барлық халықаралық алаңдарда ілгерілетуді жалғастыратынын растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1209178?lang=kk