Қостанай облысы ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерінің экспортын арттыруда
27.04.2026 12:46:13 253
2025 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімдерінің экспорты 8,1 млн тоннаны құрады. Оның ішінде Қостанай облысының үлесі – 2,2 млн тонна немесе 27,2%.
Өңірдегі осындай экспортқа бағытталған кәсіпорындардың бірі – бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеумен айналысатын Kaizen ЖШС. Кәсіпорын екі жыл бұрын іске қосылған. Қазіргі таңда түркиялық Arbel холдингімен макарон өнімдерін шығаратын зауыт салу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар компания жылына 200 мың тонна бидай өңдейтін диірмен кешенін салуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты жылына 400 мың тоннаға дейін жетеді.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей, Kaizen ЖШС Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында іске қосылған.
Кәсіпорын түркиялық Arbel халықаралық холдингінің инвестициясы есебінен салынған. Мұнда 70 жұмыс орны құрылған. Өндірісте төрт түрлі дақыл өңделеді: бұршақ, ноқат, жасыл және қызыл жасымық.
Бүгінде кәсіпорын солтүстік өңір үшін бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеу саласындағы технологиялық жабдықталу деңгейі мен өндірістік үдерістерді ұйымдастыру тұрғысынан бірегей болып саналады. Өндіріс жоғары қосылған құны бар, сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін өнім шығаруға бағытталған.
Кәсіпорынның технологиялық базасы заманауи, жоғары өнімді жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл өндірістік үдерістерді автоматтандырудың жоғары деңгейін, өнім сапасының тұрақтылығын және халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етеді.
Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарылады. Экспорт географиясы Түркия Республикасын, Алжир Халық Демократиялық Республикасын, Ауғанстан Ислам Республикасын, сондай-ақ бірқатар Еуропа елдерін қамтиды. Өткен жылы кәсіпорын 180 мың тонна өнім өндіріп, экспорттаған.
Саланы одан әрі дамыту мақсатында кәсіпорын макарон өнімдерін шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруды бастады. Жаңа өндірісте қосымша 60 жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар компания жылына 200 мың тонна бидай өңдейтін диірмен кешенін салуды жоспарлап отыр.
«Аталған жобаларды іске асыру ішкі нарықты отандық өңделген өніммен қамтамасыз етуге, импорттық макарон өнімдеріне тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ кәсіпорынның экспорттық әлеуетін арттырып, жақын шетел нарықтарына шығуына мүмкіндік береді», – деді Құмар Ақсақалов.
Жалпы алғанда, Kaizen ЖШС қызметі ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу деңгейін арттыру және экономиканы әртараптандыру жөніндегі міндеттерге толық сәйкес келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1209242?lang=kk