Қазақстан Дельфи экономикалық форумында сыртқы экономикалық басымдықтарын таныстырды
27.04.2026 15:37:22 144
Дельфи, 2026 жылғы 26 сәуір – Грекияға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ең беделді халықаралық пікірталас алаңдарының бірі саналатын Дельфи экономикалық форумына қатысты. Аталған форум үкіметтер, бизнес, сарапшылық қауымдастық және халықаралық ұйымдар өкілдерін біріктіреді.
Қазақстан делегациясының форумға қатысуы елдің сыртқы экономикалық басымдықтарын ілгерілетуге, Грекиямен және Еуропалық одақ елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ инвестициялық және сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталды.
Форум аясында Әлібек Қуантыров Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Харри Теохариспен бірлескен панельдік сессияға қатысты. Пікірталас барысында тараптар жаһандық экономикалық даму, энергетикалық және көлік байланыстылығы, халықаралық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы, сондай-ақ Қазақстан, Грекия және Еуропа арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Қазақстандық дипломат өз сөзінде Қазақстанның Еуропа үшін сенімді экономикалық әріптес, Орталық Азиядағы ірі транзиттік торап және Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі қатысушысы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және Азия мен Еуропа арасындағы жаңа логистикалық бағыттарды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Харри Теохарис Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы сенімді серіктестермен өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, энергетикалық тұрақтылық, көлік байланыстары және жаңа сауда бағыттарын дамыту мәселелеріндегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Қазақстан делегациясы сондай-ақ Грекияның ұлттық агенттігі «Enterprise Greece» ұйымымен бірлесіп өткізілген «Қазақстанның инвестициялық әлеуеті және Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараға Грекияның іскер топтары, салалық бірлестіктері мен инвестициялық қауымдастығының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Әлібек Қуантыров Грекияның Қазақстан үшін екіжақты форматта да, Еуропалық одақ аясында да маңызды әріптес екенін атап өтті. Ол 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2,4 млрд АҚШ долларына жеткенін, ал Қазақстан Грекияға шикі мұнай жеткізуші екінші ірі мемлекетке айналғанын хабарлады.
Сонымен қатар ынтымақтастықты одан әрі әртараптандырудың елеулі әлеуеті атап өтілді. Қазақстан грек компанияларын жаңартылатын энергетика, көлік және логистика, металлургия, қалдықтарды қайта өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика, туризм, цифрлық технологиялар және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жобаларға қатысуға шақырды.
Сапар аясында Министрдің орынбасары Оңтүстік-Шығыс Еуропа энергетика институтының Атқарушы директоры Костис Стамболиспен жеке кездесу өткізді. Тараптар өңірлік энергетикалық нарықтардағы өзекті үрдістерді, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту перспективаларын, қазақстандық энергоресурстарды еуропалық нарықтарға жеткізуді дамыту мәселелерін, сондай-ақ сараптамалық алмасу және Қазақстан мен Грекияда өтетін бейінді халықаралық энергетикалық іс-шараларға өзара қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1209421?lang=kk