Астана мен Сингапур екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады

Астана мен Сингапур екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады

27.04.2026 18:34:16 395

Астана, 2026 жылғы 27 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Сингапур Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Тұрақты хатшысының орынбасары Кевин Чеоктың қатысуымен Қазақстан-Сингапур саяси консультацияларының бесінші раунды өтті.

Консультациялар барысында Қазақстан мен Сингапур арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде мазмұнды пікір алмасу өткізілді. Саяси диалогты одан әрі нығайтуға, шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге және жоғары әрі биік деңгейдегі байланыстарды жандандыруға өзара ұмтылыс расталды.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге басым назар аударылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 954,4 млн АҚШ долл. жетіп, орнықты оң серпін көрсеткені атап өтілді. Қаржы саласында, цифрландыруда, «ақылды» қалаларды дамытуда, жасыл экономикада, көлік-логистикалық инфрақұрылымда, сондай-ақ білім беру мен инновациялар саласында серіктестікті тереңдетудің айтарлықтай әлеуеті бар екені атап өтілді.

Ә.Бақаев сингапурлық бизнеске еуропалық және жаһандық нарықтарға шығу үшін қауіпсіз, тиімді әрі коммерциялық тұрғыдан тартымды бағыттарды қамтамасыз ете алатын Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетінің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ БҰҰ мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) аясындағы өзара іс-қимыл бойынша пікір алмасу өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тұрақты саяси диалогты жалғастыруға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі серпінді дамытуға өзара дайындық расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1209878?lang=kk