Алматы облысында Бірлік күні кең ауқымда тойланды

Алматы облысында Бірлік күні кең ауқымда тойланды

01.05.2026 14:30:55 206

Бүгін Алматы облысында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі кең ауқымда аталып өтті. Айтулы шараның бірі облыс орталығы Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Мереке аясында велошеру өткізіліп, оған 200-ге жуық қала тұрғындары мен қонақтары, спортшылар қатысты. Орталық алаңда қолөнер шеберлерінің, этномәдени бірлестіктердің көрмесі ұсынылды. Сахнада театрландырылған қойылым көрсетіліп, маңызды мерекенің мәнін айшықтай түсті, – деп хабарлайды Алматы облысының әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

«Бұл мереке – елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан барша қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметі мен ыстық ықыласын айшықтайтын ерекше күн. Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі тіркелген болса, оның 105-і Алматы облысында өзара келісім мен бірлікте өмір сүруде. Өңірімізде белсенді жұмыс атқарып жатқан 34 этномәдени бірлестік облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осы орайда, этномәдени орталықтардың, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің мүшелеріне ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолында атқарып келе жатқан еңбегі үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың құттықтау хаты оқылды.

«Алматы облысы – этносаралық келісім мен татулықтың жарқын үлгісі. Мұнда түрлі этнос өкілдері өзара құрмет пен сенімге негізделген ортада салт-дәстүрлерін сақтай отырып, кемел келешектің іргетасын бірге қалауда. Ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және ізгі құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлестеріңіз зор, құрметке лайық», – делінген хатта.

Осылайша, облыс тұрғындары татулықтың жаршысы болған айтулы мерекені ықыласпен атап өтіп, маңызын терең сезінді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1212984?lang=kk