Әлем кубогы: Дүниежүзінің мергендері Алматы облысына жиналды
04.05.2026 10:20:57 235
Алматы облысындағы Александр Асанов атындағы ату клубында – International Shooting Sport Federation (ISSF) ұйымының қолдауымен өтетін стенд атудан Әлем кубогының рейтингтік кезеңі басталды.
Салтанатты ашылу рәсімі бірлікке, жоғары спорттық рухқа толы жарқын мереке атмосферасында өтті. Ұйымдастырушылар қонақтарға Қазақстанның мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік беретін мазмұнды әрі ұлттық нақышқа бай бағдарлама ұсынды. Қатысушы командалардың таныстырылымы ID форматында өтті. Жаңбыр мен қолайсыз ауа райына қарамастан, іс-шара ұлттық колорит пен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, әсерлі әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Құрметті қонақтар қатарында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов болды.
«Бұл турнир әлемнің ең үздік спортшыларын біріктіріп, шеберліктің жоғары деңгейін, рухтың беріктігін және жеңіске деген ұмтылысты көрсетеді. Бүгінде Қазақстанның стенд ату мектебі халықаралық аренада өз орнын нықтап келеді. Біздің спортшылар лайықты нәтижелер көрсетіп, ел абыройын арттырып, жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жігерлендіреді. Ауа райының қолайсыздығы да бүгінгі іс-шараның жылы атмосферасына әсер ете алмады. Біз спорттың адамдарды біріктіріп, мінезді шыңдап, бізді күшейтетін күш екенін көріп отырмыз», – деді Қазақстан ұлттық спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов.
Ал, Халықаралық спорттық ату федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси өз сөзінде турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және Қазақстанда Әлем кубогы кезеңін өткізудің маңыздылығын атап өтті: «Бүгін біз жай ғана жарысты емес, ату спортының дамуына серпін беретін қуатты алаңды көріп отырмыз. Қазақстан жоғары кәсібилік пен қонақжайлық танытып, әлемдік стандарттарға сай жағдай жасап отыр. Бұл – біздің спорт түрінің дамуына қосылған маңызды үлес».
Соңғы жылдары елімізде стенд ату спорты қарқынды дамып келеді. Әлем және Азия кубоктары кезеңдерін өткізу, салалық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ спортшыларды жүйелі даярлау елдің халықаралық ату қауымдастығында лайықты орын алуына мүмкіндік берді. Александр Асанов атындағы ату клубы халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді және тұрақты түрде жоғары деңгейдегі жарыстарды қабылдайды.
Тоғыз күн бойы Алматы облысы 42 елден келген 550 спортшының тартысты бәсекесіне куә болады. Ату алаңдарына Олимпиада чемпиондары, әлемдік рейтинг көшбасшылары, сондай-ақ Азия мен Еуропаның үздік мергендері шығады. Олардың қатысуы Қазақстандағы Әлем кубогы кезеңін халықаралық күнтізбедегі ең бәсекелі әрі тартымды жарыстардың біріне айналдырып отыр. Мұнда тек медальдар ғана емес, сонымен қатар 2028 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама беретін маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады.
Қабылдаушы ел ретінде Қазақстан қатысушылардың ең жоғары квотасын ұсынды. Олардың қатарында ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі Әсем Орынбай – Әлем кубоктары мен Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, Азия ойындарының үш дүркін жүлдегері, Токио және Париж Олимпиада ойындарының қатысушысы бар.
«Бұл мен үшін жай ғана жарыс емес – туған жердегі жанкүйерлер алдында өнер көрсетіп, Олимпиадаға тағы бір қадам жақындау мүмкіндігі. Негізгі мақсат – тұрақтылық пен маусымның ірі жарыстарында финалға шығу», – деді жарыс қарсаңында Асем Орынбай.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының спортшысы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, стенд атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері Лейла Шантекова өнер көрсетуде.
Жарыс күндері спортшылар «скит» және «трап» дисциплиналарында, сондай-ақ аралас командалық сайыстарда медальдар мен рейтингтік ұпайларды сарапқа салады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 10 мамыр күні өтеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1213254?lang=kk