Бизнеске қойылатын Міндетті талаптар тізілімінің ЖИ жүйесі таныстырылды
06.05.2026 08:15:24 235
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Міндетті талаптар тізілімін енгізу мәселесі бойынша кеңес өткізілді. Кеңеске мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Тізілімді енгізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы шағын және орта бизнесті жүйелі түрде дамыту мен кәсіпкерлердің әкімшілік жүктемесін азайту қажеттігі туралы тапсырмасын орындау үшін жүзеге асырылып отыр.
Кеңестегі басты оқиға – Әділет министрлігінің Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әзірлеген ЖИ жүйесінің тұсаукесері. Цифрлық шешім арқылы бизнеске қойылатын талап үш көзден: заңнамадан, тексеру парағынан және рұқсат беру құжатынан автоматты түрде алынады. Жүйе нақты уақыт режимінде қайталануды, қарама-қайшылық пен жөнсіз реттеуді анықтауға мүмкіндік беретін бірыңғай деректер тобынан тұрады.
Әзірлеушілердің айтуынша, экология, көлік пен жерді пайдалану саласындағы пилоттық тестілеу шеңберінде алгоритмнің дәлдігі 93-95%-ға жетті. Бүгінгі таңда жүйеге заңнан 67 мыңдай, тексеру парағынан 64 мың талап жүктелген.
Жұмыс 12 басым бағыт бойынша жүргізілуде. Реттеудің ең үлкен көлемі, шамамен 14 мың талап, денсаулық сақтау саласында тіркелді.
Жүйені енгізу арқылы жасырын нормалар мен түсініксіз түсіндірулер жойылып, кәсіпкерлер қызметті іске қосу мен жүзеге асыру талаптарының нақты тізбесімен бизнесті жүргізудің «дайын сценарийін» ала алады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Міндетті талаптар тізілімін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін құрылған Бизнеске қойылатын талаптарды тексеру жөніндегі жобалық кеңсенің жұмысы жалғасуда. Жобалық кеңсенің жұмысы шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің және сарапшылардың қатысуымен нормаларды әдіснамалық сүйемелдеуді және практикалық пысықтауды қамтамасыз етті. Тексеру тәсілі барынша нәтижелі: қаралған 180 талаптың 50-і мемлекеттік органдардың қолдауына ие болды. Бұл қайталанатын және маңызы жоқ нормаларды алып тастауға мүмкіндік береді.
Қазақстан кәсіпкерлер форумы төрағасының орынбасары Гүлнар Қуанғанова Жобалық кеңсенің жұмысы нормалардың қайталануын жоюға және нақтылауға бағытталғанын атап өтті.
«Екі ай бойы қауырт жұмыс жүргізілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше назар аударылып, түрлі ведомствоның түрлі талаптарын бірыңғай құжатқа шоғырландыру ұсынылды», — деді ол.
Бұл ретте азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатысты нормалар қайта қарауға жатпайтыны белгілі.
Кеңес қорытындысында Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға екі апта ішінде «Атамекен» ҰКП базасында ЖИ жүйесін верификациялау мен «оқытуға» салалық сарапшыларды қатыстыруды тапсырды.
«Бізде деректер базасы заңға тәуелді актілерге дейін цифрландырылған. Жүйе алгоритм бойынша талаптарды тауып алады. Болашақта процесс автоматты түрде жүруі үшін машинаны үйрету керек. Бұл басым міндет. Оқу кезеңі аяқталысымен, жүйе барлық деректер тобын өз бақылауына алады», — деп атап өтті вице-премьер.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1214946?lang=kk