Еңбек ардагері Стахан Белғожаев I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
13.05.2026 15:36:44 282
Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, «Мойнақ» ГЭС-інің салынуына ұйытқы болған инженер-энергетик Стахан Белғожаев I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Стахан Белғожаев еңбек жолын 1962 жылы Шардара су электр стансасының құрылысында бастап, кейінгі жылдары еліміздегі бірқатар ірі стратегиялық нысандардың жүзеге асуына тікелей атсалысты. Оның қатысуымен және басшылығымен Қапшағай, Мойнақ, Ақтоғай су электр стансалары, Бестөбе, Бартогай су қоймалары, Үлкен Алматы каналы секілді ел үшін маңызы зор жобалар іске асырылды. Бұл нысандар энергия, су ресурстарын тиімді басқаруға, суармалы егіншілікті дамытуға және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға үлкен серпін берді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында да елеулі еңбек етті. Оның басшылығымен ірі өндіріс кешендері, заманауи жылыжайлар, қайта өңдеу кәсіпорындары салынды. Осы еңбегі ескеріліп, Президент жарлығымен мемлекеттік марапат табысталды. Қасым-Жомарт Тоқаев қарт құрылысшыны 90 жас мерейтойымен құттықтап, зор еңбегін ерекше атап өткен.
«Жұртшылық өзіңізді еңбек ардагері, ел ағасы ретінде ерекше құрметтейді. Сіз ұзақ жыл бойы түрлі жауапты қызметті абыроймен атқарып, Жетісу өңірін көркейтуге мол үлес қостыңыз. Көптеген нысандардың бой көтеруіне ұйытқы болып, құрылыс саласында жемісті жұмыс істедіңіз. «Мойнақ» су электр стансасын іске қосуға атсалысып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Ғибратты өмір жолыңыз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Әрдайым халықтың сый-құрметіне бөлене беріңіз», – делінген Ақордадан келген хатта.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде еліміздің энергетика және құрылыс саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдеріне алғысын жеткізіп, Стахан Белғожаевқа «Барыс» орденін тақты.
«Алматы облысы – бүгінде әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары, инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқан өңірлердің бірі. Алайда бұл жетістіктер бір күнде қалыптасқан жоқ. Оның негізінде ондаған жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыс, өндірістік мәдениет және сіздердің қажырлы еңбектеріңіз жатыр.
Энергетика мен құрылыс – кез келген мемлекеттің дамуын айқындайтын стратегиялық салалар. Осы бағыттарда жүзеге асқан ірі жобалар өңірдің ғана емес, тұтас елдің экономикалық әлеуетін айқындады. Өткен ғасырда қолға алынған Қапшағай және Мойнақ су электр стансаларының құрылысы – соның айқын дәлелі. Осындай игі істерге үлесін қосқан азаматтардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланады.
Осы орайда өмірін Қазақстанның құрылыс және гидроэнергетика салаларын дамытуға арнаған көрнекті инженер, білікті ұйымдастырушы және тәжірибелі басшы Стахан Белғожаевты ерекше атап өткен жөн. Оның еңбек жолы – кәсібіне адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің және елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Берілген марапат тек бір азаматтың ғана емес, тұтас буынның еңбегіне берілген құрмет деп білемін. Бұл – көпжылдық қажырлы қызметтің, кәсіби шеберліктің және ел дамуына қосқан зор үлестің жоғары бағасы. Осындай тұлғалардың табанды еңбегі мен өмірлік тәжірибесі бүгінгі болашақтың негізін қалыптастырды», – деді облыс әкімі.
Шара барысында Стахан Белғожаевтың замандас достары, шәкірттері естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілегін арнады. Ал марапат иесі қуанышымен бөлісіп, құттықтаған жандарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Ғұмыр жолын ел дамуына арнаған, қажырлы еңбек пен табандылықтың үлгісі болған Стахан Белғожаевтың ерен еңбегі жас ұрпаққа үлгі және қашанда құрметке лайық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1218980?lang=kk