Алматы облысында қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату саласына 148,8 млрд теңге инвестиция салынады
14.05.2026 19:13:09 229
Алматы облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату саласында жалпы құны 148,8 млрд теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Димаш Қожабеков мәлімдеді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірде санитарлық тазалау және стихиялық қоқыс үйінділерін жоюмен қатар, жеке инвестицияларды тарта отырып, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи толыққанды жүйесін қалыптастыруға басымдық берілуде. Жоспарланған жобалар қатарында электр энергиясын өндіретін қоқыс жағу зауытының құрылысы, тағам қалдықтарын өңдеу кешенін іске қосу, қоқысты сұрыптау кешені мен биоэлектр станциясын салу көзделген.
Сонымен қатар өңірде қайталама шикізатты қайта өңдеумен айналысатын бірқатар кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда Алматы облысында пластик, макулатура, шыны және тозған автодөңгелектерді сұрыптап, қайта өңдейтін 6 ірі және бірнеше шағын кәсіпорын бар. Олар жыл сайын 184 мың тоннадан астам қалдықты сұрыптап, қайта өңдейді. Атап айтқанда, пластик қалдықтарын «P.T.Z.» компаниясы, макулатураны — «Kz.Recycling» кәсіпорны өңдейді. Шыны қалдықтарын жинау және қайта өңдеумен «Almaty Steklo» мен «Qazaq Glass Company» айналысады. Ал тозған автодөңгелектерді «Эко Технология» және «Urban Core Beverly Hill Group» компаниялары қайта өңдейді.
Бұдан бөлек, өңірде жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. «KazRez» компаниясы автодөңгелек қалдықтарын қайта өңдеу өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жобаның құны – 48 млрд теңге. Жаңғырту жұмыстарынан кейін кәсіпорын жылына 40 мың тоннаға дейін қалдық өңдей алады.
Еңбекшіқазақ ауданында «Guangdong Suchun» компаниясы құны 3 млрд теңге болатын қоқыс өңдеу зауытын салып жатыр. Сондай-ақ Қарасай ауданында «Kaz Waste Conversion» компаниясы құны 15,5 млрд теңге болатын қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кешенінің құрылысын жүргізуде.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы көгалдандыру және экологиялық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері облыста 103 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Бүгінде өңірде жалпы аумағы 69 мың гектардан асатын 20-дан астам экопарк жұмыс істейді. Сонымен қатар экологиялық және туристік аймақтарды құру бойынша жаңа жобалар іске асырылуда.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы облысында 2024–2029 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде: елді мекендерді санитарлық тазалау, стихиялық қоқыс орындарын жою, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту және көгалдандыру. Экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс аумағында 9 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Ал 2026 жылы аумақтарды санитарлық тазалауға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жаңа инвестициялық жобалар іске асырылуда», – деді Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Димаш Қожабеков.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1220417?lang=kk