Орал қаласында 28 оқушы жас десантшылар қатарына қосылды

Орал қаласында 28 оқушы жас десантшылар қатарына қосылды

16.05.2026 16:29:31 190

Қорғаныс министрлігі Орал қаласындағы Әскери-техникалық мектеп филиалының базасында генерал-майор Уәли Еламанов атындағы «Жас десантшы» әскери-патриоттық клубының 28 тәрбиеленушісі салтанатты түрде ант берді.

Іс-шараны «Батыс Қазақстан облысының әуе-десанттық әскерлері мен арнайы мақсаттағы әскерлері ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Оған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің бас директоры генерал-майор Әділбек Алдабергенов, Оралдағы Әскери-техникалық мектеп филиалының директоры полковник Марат Түкпаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, курсанттар, педагогтар мен оқушылар қатысты.

– Бүгін сендер Отанға қызмет ету жолындағы алғашқы қадамдарыңды жасадыңдар. Елге адал қызмет ету, оның тарихын қастерлеу және қоғамға пайдалы болу – нағыз патриоттың бойындағы қасиеттер. Сендерді «Жас десантшы» қатарына қосылуларыңмен құттықтаймын. Барлық бастамаларыңа табандылық пен сәттілік тілеймін, – деді генерал-майор Ә. Алдабергенов.

«Жас десантшы» әскери-патриоттық клубының құрылу тарихы туралы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің ардагері запастағы полковник Роман Ақмаев айтып берді.

– Клуб 2025 жылдың қазан айында құрылды. Бүгінде мұнда елуден астам оқушы бар. Біз олардың әскери-қолданбалы спорт түрлеріне, армия дәстүрлеріне және командалық жұмысқа деген шынайы қызығушылығын көріп отырмыз, – деді ол.

Ант бергеннен кейін «Жас сарбаз», «Жас сақшы», «Жас құтқарушы», «Жас Хиуаз қырандары», «Жас десантшы» және басқа да әскери-патриоттық клубтардың салтанатты шеруі өтті. Жас патриоттар саптық дайындықтың тамаша дағдыларын, қоян-қолтық ұрыс элементтерін, одан басқа автоматты бөлшектеу мен құрастыруды көрсетті. Клуб тәрбиеленушілері дайындаған әскери дефиле қонақтарға ерекше әсер қалдырды.

Іс-шараға қатысушылар үшін десант әскерлерінің тарихы мұражайына – облыстық әскери-техникалық мектептегі әскери даңқ залына бару ұйымдастырылды. Мұражайға келушілер отандық десанттық бөлімшелердің тарихы, олардың жауынгерлік жолы мен елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі туралы білді.

Іс-шара қаланың шығармашылық ұжымдары мен әскери-патриоттық бірлестіктер тәрбиеленушілерінің қатысуымен қойылған мерекелік концертпен аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1221730?lang=kk