Астана мен ЮНЕСКО мәдени мұраны сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Астана мен ЮНЕСКО мәдени мұраны сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

19.05.2026 12:56:31 282

Астана, 2026 жылғы 19 мамыр – «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының директоры, ЮНЕСКО-ның Мәдениет мәселелері жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы Лазар Элундо Ассомомен кездесті.

Министр сұхбаттасын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесі шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықтың қағидаттары мен тәжірибесіне ерекше мән беретіндігі туралы хабардар етті. Осы жүйеде ЮНЕСКО гуманитарлық салалардағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі тетігі ретінде дәстүрлі түрде айрықша орын алады.

Сыртқы саяси ведомствоның басшысы Алтын Орда тарихының қазақ халқының, сондай-ақ Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның бірқатар өзге де халықтарының қалыптасуында маңызды рөл атқарған мемлекет ретіндегі тарихи маңызын атап өтті. Осы тұрғыда ол 2026 жылғы 19-20 мамыр күндері Астанада өтіп жатқан ірі халықаралық симпозиумға патронаж көрсету туралы шешімі үшін ЮНЕСКО-ға шынайы ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Л.Элундо Ассомо Қазақстан тарапына шақыру үшін алғыс айтып, ғылыми іс-шараның ұйымдастырылу және мазмұндық деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, ЮНЕСКО Қазақстанмен ынтымақтастықты, соның ішінде еліміздің Дүниежүзілік мұра комитетіндегі қазіргі мүшелігі аясында, жоғары бағалайды және мәдени, табиғи, құжаттық әрі материалдық емес мұраны қорғау, сондай-ақ осы саладағы қазақстандық сарапшылардың біліктілігін арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын.

Кездесу соңында тараптар ЮНЕСКО мандаты шеңберіндегі сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға өзара бейілділігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1223258?lang=kk