Мемлекет басшысының қатысуымен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның ашылуы өтті

Мемлекет басшысының қатысуымен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның ашылуы өтті

21.05.2026 09:07:46 58

19 мамырда Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу рәсімі өтті.

19-20 мамыр аралығында ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан ауқымды халықаралық форум Жошы ұлысының тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістердің қалыптасуындағы рөлін жан-жақты зерделеу мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді.

Симпозиумның мақсаты – Қазақстан Республикасын Алтын Орда мұрасын зерттейтін жетекші халықаралық орталық ретінде таныту, сондай-ақ Жошы ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын кешенді пәнаралық талдау арқылы Орталық Еуразия өркениеттерін зерттеу саласындағы елдің ғылыми әлеуетін көрсету және оның Еуразиядағы қазіргі интеграциялық үдерістер үшін маңызын айқындау.

Симпозиум аясында Алтын Орданың дала өркениетінің моделі ретіндегі мұрасына арналған тақырыптық көрме де ұйымдастырылды. Экспозицияға археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған.

Көрменің құрылымы бірнеше негізгі тақырыптық бөлімдерді қамтиды: мемлекет және билік, дала сәні мен киім үлгілері, әскери іс, дала және қала өркениеттерінің өзара ықпалдастығы, мәдениет, ғылым және өнер. Ерекше назар 70 археологиялық және сәулет ескерткішін қамтитын интерактивті картаға аударылған. Оның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация ұсынылған.

Көрменің негізгі жәдігерлерінің бірі – дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалары туралы генеалогиялық мәліметтерді қамтитын «Хандар шежіресі» қолжазбасы. Сонымен қатар Каталон атласы, хандардың генеалогиясы, теңгелер, жазба деректер және тұрмыстық бұйымдар қойылған. Жазба мұралар қатарында 3 жарлық, 4 дипломатиялық хат және 21 қолжазба бар. Олар түпнұсқа, факсимильді көшірме және электронды нұсқаларда ұсынылған.

Экспозиция Қазақстан аумағындағы маңызды археологиялық ескерткіштердің материалдары негізінде жасақталған. Олардың қатарында көне Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент қалалары және тарихи маңызы зор өзге де нысандар бар. Көрменің мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және оны зерттеуге деген ғылыми қызығушылықты арттыру.

Пленарлық отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді. Ашылу рәсіміне ЮНЕСКО хатшылығының өкілдері, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Моңғолия, Украина, Мажарстан, Болгария, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа да мемлекеттердің өкілдері қатысты.

Форумға әлемнің 20-дан астам елінен келген 120 шетелдік зерттеушіні қоса алғанда 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Саясат Нұрбек Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның тарихи ғылымды дамыту мен тарихи өткенді жаңаша пайымдауда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгін біз тек өткенді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттілік, бірегейлік және Қазақстанның Еуразия тарихындағы орнын түсінудің негіздерін талқылап отырмыз. Тарихты қазіргі заман тұрғысынан қайта зерделеу жағдайында Алтын Орда Ұлы даланың саяси және мәдени дәстүрінің қалыптасуындағы маңызды кезең ретінде айрықша мәнге ие», - деді министр.

Оның айтуынша, Алтын Орда Шығыс пен Батыс арасындағы өзара ықпалдастықты, идеялар, технологиялар мен мәдени тәжірибелер алмасуын қамтамасыз еткен еуразиялық интеграцияның бірегей үлгісі болды. Ал оның тарихы көшпелі және отырықшы өркениеттер синтезінің көрінісі саналады.

«Қазақстан үшін Алтын Орданы зерттеу тек академиялық міндет емес. Бұл – тарихи сабақтастық мәселесі. Қазақстан өзін Жошы ұлысының мұрагерлерінің бірі ретінде санайды. Дәл осы кеңістікте кейін Қазақ хандығында жалғасын тапқан мемлекеттілік пен этногенездің негіздері қалыптасты», - деді Саясат Нұрбек.

Симпозиумда сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Элунду Лазар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, сондай-ақ Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш. Маржани атындағы Тарих институтының М.А. Усманов атындағы Алтын Орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев құттықтау сөз сөйледі.

Симпозиум барысында Алтын Орданың этносаяси тарихы, оның мұрасының қазіргі заманғы маңызы, болашақ зерттеу бағыттары, материалдық және рухани мәдени мұра, жазба және ауызша дереккөздер, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттік ықпалдастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Форум аясында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын пәнаралық зерттеуге, археологиялық жаңалықтарға, тарихи жады мен бірегейлікті қалыптастыру мәселелеріне арналған мамандандырылған ғылыми секциялар өтеді.

Халықаралық форумның маңызды қорытындыларының бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу бастамаларын біріктіруге және түрлі елдердің ғылыми орталықтары мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды.

Симпозиумның мәдени бағдарламасы Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасының байлығын және Еуразия кеңістігіндегі рухани дәстүрлер сабақтастығын танытатын «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын қамтиды.

Қазақстанда халықаралық симпозиумның өтуі елдің Орталық Азия тарихы мен мұрасын зерттейтін жетекші орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға, ғылыми диалогты кеңейтуге және еуразиялық өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи үдерістерді объективті зерделеуге ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1224788?lang=ru