Салық шығыстары туралы талдамалық есепті қалыптастыру қағидалары туралы қаулының жобасы жарияланды

Салық шығыстары туралы талдамалық есепті қалыптастыру қағидалары туралы қаулының жобасы жарияланды

21.05.2026 09:11:36 109

ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Салық шығыстары туралы талдамалық есепті қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжат Бюджет кодексінің нормаларын іске асыру шеңберінде дайындалып, мемлекеттік ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Мұндағы негізгі жаңалық – салықтық жеңілдіктер көлемін есепке алудан әлеуметтік-экономикалық тиімділікті жүйелі талдауға көшу. Қазақстанда алғаш рет әрбір салық преференциясынан түсетін нақты табысты бағалауға мүмкіндік беретін салық шығыстары туралы жыл сайынғы талдамалық есеп тетігі енгізілуде.

Жаңа ережелерге сәйкес, әрбір салық жеңілдігі бөлек талданады. Бағалау нақты шараның инвестицияның өсуіне, жұмыс орнын құруға, экономика салаларын дамытуға және басқа стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететіндігін анықтауға мүмкіндік береді.

Есеп мемлекеттік органдардың дерегі, салық есептілігі және ресми статистика негізінде қалыптастырылады. Талдау нәтижесі, тиімділігіне қарай, салық жеңілдігін сақтау, түзету немесе жою туралы шешім қабылдауға негіз болады.

Сондай-ақ, құжат салықтық алшақтықты – ықтимал және нақты салық түсімі арасындағы айырмашылықты талдау жүйесін енгізуді қарастырады. Бұл салықтық әкімшілендіру сапасы мен бюджет саясатының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бірінші талдамалық есепті 2027 жылы салық реформасын имплементациялау кезеңінің қорытындысы бойынша дайындау жоспарлануда.

Есеп жыл сайын ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

Құжаттың жобасы «Ашық НҚА» порталында жария талқылау үшін келесі сілтеме бойынша орналастырылды: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15828380

Талқылау 2026 жылғы 5 маусымға дейін жүргізіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1224074?lang=ru