Жүзден астам бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен сала сарапшылары Салық кодексін енгізу бойынша Жобалық кеңсенің көшпелі отырысына қатысты
23.05.2026 20:25:27 205
Іс-шара елорда да, жыл сайынғы «Ulttyq ónim – 2026» Қазақстандық өндірушілердің IX көрмесі аясында ұйымдастырылды.
Ашық диалог форматында өткен жиынға 100-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында отандық кәсіпорын басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық сарапшылар болды. Көшпелі отырыстың басты мақсаты — жаңа Салық кодексін іс жүзінде жүзеге асыру жолдарын талқылау, салық жүйесін жаңғырту мәселелерін қарастыру және отандық өндірушілерді қолдаудың тиімді тетіктерін бірлесе айқындау.
Панельдік сессияны салық консультанты Дмитрий Казанцев жүргізді. Кездесу барысында кәсіпкерлер көкейіндегі сауалдарын ашық қойып, мемлекеттік органдардың басшылары мен салалық мамандарынан бірден жауап алу мүмкіндігі берілді. Олардың қатарында Ұлттық экономика, Қаржы, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері болды.
Жиынды аша отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин көшпелі отырысты көрме алаңында өткізу — еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 600-ден астам кәсіпкерді қамтып, бизнес қауымдастығымен барынша кең байланыс орнатуға, нақты сектордың ортақ пікірін естуге және кәсіпкерлердің сұраныстарына жедел әрекет етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
200-нысан және жалдамалы жұмыскердің әлеуметтік қорғалуы
Талқылаудағы өзекті мәселелердің бірі — жеңілдетілген режимдегі есептілік, атап айтқанда 200-нысан болды. Ұлттық экономика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері бұл нысанды сақтау неге маңызды екенін түсіндірді. Бұл есептілік қызметкер үшін төленетін негізгі аударымдарды біріктіреді: әлеуметтік және медициналық сақтандыру жарналары, зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық. Осы төлемдердің тұрақты әрі уақтылы жүргізілуі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылардың мөлшеріне тікелей әсер етеді. Атап айтқанда, жүктілік пен босану бойынша, бала күтімі кезінде, асыраушысынан айырылғанда, еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанда және жұмыссыз қалған жағдайда берілетін төлемдер осы аударымдарға байланысты қалыптасады. Азамат Әмрин келтірген деректерге сәйкес, былтыр еліміздегі орташа жалақы 435 мың теңгені құраған. Ал кәсіпкерлердің 54%-ы жалдамалы қызметкерлері үшін ең төменгі жалақы ретінде 85 мың теңге көрсетеді.
«Кәсіпкерлер жалақыны ең төменгі мөлшерде көрсетіп, «конвертпен» төлеген жағдайда, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілмейді. Сондықтан бұл міндетті мемлекет атқаруға мәжбүр, себебі бұл оның негізгі функцияларының бірі. Елімізде 1 млн 300 мың жеке кәсіпкер және 9 млн жалдамалы қызметкер бар. Біз қабылдайтын шешімдер кешенді түрде жасалады, тек бизнес мүддесін емес, қарапайым азаматтардың да жағдайын ескереміз. Егер жалақы 300 мың теңге болса, барлық қорға аударымдар дәл осы сомадан жүргізілуі тиіс. Бұл мемлекетке төленетін ақша емес – бұл адамның өзіне аударылатын қаражат. Яғни ол емханаға барып, медициналық қызмет ала алады. Ал егер сіз оны ертең жұмыстан босатсаңыз, ол алты ай бойы 50–60 мың емес, шамамен 120 мың теңге көлемінде жәрдемақы алып, отбасын асырауға мүмкіндік алады», — деп түйіндеді Азамат Әмрин.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар: режим еңбек қатынастарын алмастырмауы тиіс
Талқылаудағы маңызды тақырыптардың бірі — өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін дұрыс қолдану мәселесі болды. Салық кеңесшісі Дмитрий Казанцев қазақстандық кәсіпкерлерге ашық ескерту жасады: салықты оңтайландыру мақсатында қызметкерлерді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына ауыстыру тәжірибесі, түптеп келгенде, әрі бизнеске, әрі осы режимнің өзіне кері әсер етуі мүмкін.
«Кейбір кәсіпкерлер қызметкерлерін жұмыстан шығарып, оларды өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде рәсімдегенде, мемлекет те, Мемлекеттік кірістер комитеті де бұл адамдардың бұрынғыдай таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істеп, ай сайын тұрақты табыс алып жүргенін көрмей қалады деп ойлайды. Тек енді ол ресми түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркеледі. Біз кейде бизнесте шектен шығып кетіп, соның салдарынан осы санатқа берілген мүмкіндіктердің өзі қысқарып қалуына себеп болуымыз мүмкін. Мәселен, B2B форматындағы жұмысты шектеу немесе табыс шегін төмендету сияқты өзгерістер енгізілуі ықтимал», — деді Д.Казанцев.
Кәсіпкерлер тарапынан айтылған бұл алаңдаушылықты Қазақстан Республикасы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин де растады. Ол уәкілетті органдар бұл режимнің қолданылуын жүйелі түрде бақылап отырғанын атап өтті және егер мұндай бұзушылықтар кең көлемде қайталанса, мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімін қайта қарауға дайын екенін жеткізді.
«Егер мұндай заңбұзушылықтар жаппай сипат алса, біз бұл қызмет түрлерін тізімнен алып тастаймыз. Бұл норманы енгізген кезде-ақ біз оның мұндай қаупі бар екенін айтқанбыз. Бұл — екіжақты жол: жұмыс істеңіздер, тіркеліңіздер, барлық салық өз пайдаңызға төленеді. Бірақ егер бұл режим салықтан жалтару құралына айналса, біз тиісті шаралар қабылдаймыз», — деді Азамат Әмрин.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін 521 мың адам пайдаланады. Олардың ішінде шамамен 125 мың адам ай сайын тұрақты түрде түбіртек рәсімдеп отырады.
Салықтық әкімшілендірудің біріктірілген жүйесі және «Таза парақ»
Талқылаудың жеке бөлігі Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі — СӘБЖ және бірыңғай салық төлеуші кабинеті жұмысына арналды. Қазақстан Республикасы қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, бұл жүйе бұрын бөлек жұмыс істеген жеті түрлі жүйенің орнын басып, өткен жылы-ақ толыққанды іске қосылған.
Жылдың алғашқы тоқсанында ескі және жаңа кабинетті қатар пайдалану бизнес қауымдастықтар мен «Атамекен» ҰКП-ның өтініші бойынша сақталған. Бұл кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексі аясындағы есептілікті бұрынғыға үйреншікті форматта тапсыруға мүмкіндік беру үшін жасалды. Вице-министрдің айтуынша, дәл осы өтпелі кезең деректердің сәйкес келмеуіне және пайдаланушылардан келіп түскен өтініштердің көбеюіне негізгі себеп болған.
«Ескі салық төлеуші кабинеті (КНП) тарих қойнауында қалуы тиіс. Біз оны бағалаймыз, бірақ жаңа технологиялар тек жаңа кабинетте ғана дамиды. Ескі жүйеден бас тарту әрі бізге, әрі бизнеске жеңілдік әкеледі. Бірінші тоқсанда екі жүйені қатар ұстау — бизнеске жасалған қолдау. Алайда бұл қосымша қауіптерде туындатады. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша СӘБЖ барлық есептілік нысандарын қабылдады», — деді Әсет Тұрысов.
Сондай-ақ вице-министр Қаржы министрлігінде салық мәселелері мен ақпараттық жүйелер бойынша кеңес беретін бірыңғай колл-орталық іске қосылатынын, ал хабарламаларды орталықтандыру мәселесі бизнес қауымдастықтармен бірлескен жедел штабта қаралып жатқанын жеткізді.
Салықтық әкімшілендіру тақырыбын жалғастыра отырып, қатысушылар микро және шағын бизнестің салық берешегін реттеуге бағытталған «Таза парақ» бағдарламасының қорытындыларын да талқылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, бұл бағдарламаны 19 мыңға жуық микро және шағын бизнес субъектісі пайдаланған. Нәтижесінде 13 млрд теңге көлеміндегі негізгі берешек өтеліп, 9,3 млрд теңге айыппұл мен өсімпұл есептен шығарылған. Оның ішінде 4,4 млрд теңге өсімпұлға, ал 4,9 млрд теңге айыппұлға тиесілі. Ауқымды түсіну үшін айта кетсек, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда салық берешегі бар 157 мыңнан астам тұлға тіркелген, олардың жалпы қарызы 1,1 трлн теңгені құраған. Соның ішінде 101 мыңнан астамы — микро және шағын бизнес субъектілері, олардың жиынтық берешегі 801 млрд теңге болған.
Бизнес-модель өзгеруі тиіс
Бизнес қауымдастық атынан сөз сөйлеген «Атамекен» ҰКП ШОБ дамыту комитетінің төрайымы, «LANZHOU COMPANY» ЖШС-нің бас директоры Гүлбану Майғарина салықтық әкімшілендірудегі өзгерістермен қатар, кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-моделін де қайта қарау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын дүкен ашу немесе өнімді сөреге қоюдың өзі тұрақты табысқа жеткізетін уақыт артта қалды.
«Бүгінде ең алдымен бізге қаржылық білім жетіспейді. Біздің сауалнама нәтижесіне сәйкес, микро және шағын бизнес өкілдерінің 68 пайызы маркетингсіз жұмыс істейді. Қазіргі таңда тұтынушыны тарту тәсілдері түбегейлі өзгерді. Егер кәсіпкер заманауи құралдарды қолданбаса, цифрлық ортада жұмыс істеуді білмесе, клиентінің қайдан келетінін түсінбесе, мұны бизнес басқару деп айту қиын. Бүгін бизнесті тек нақты деректерге сүйене отырып басқару қажет. Барлық шешімдер деректер негізінде қабылдануы тиіс. Осы кезеңде нағыз мықтылар — өз бизнесін шынайы басқаратындар, ал оны тек көрініс үшін жүргізіп жүргендер емес», — деп атап өтті Гүлбану Майғарина.
Сөз соңында ол мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына ашық диалог алаңын ұсынғаны үшін алғыс білдіріп, жаңа салықтық өзгерістерге бейімделу бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын ерекше атады.
Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлерден түскен барлық ұсыныстар мен жүйелі мәселелер Салық кодексін енгізу бойынша Жобалық кеңсе аясында тиісті салалық мемлекеттік органдардың, Мемлекеттік кірістер комитетінің және «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен жан-жақты қаралатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1227086?lang=ru