Қарулы күштердің төрт мыңнан астам жауынгері Отанға адал қызмет етуге ант берді
24.05.2026 12:55:21 404
Салтанатты іс-шаралар Тараз, Гвардейск, Жаркент, Абай, Ақтау, Атырау, Бейнеу және Ақтөбе гарнизондарындағы «Оңтүстік», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының 19 әскери бөлімінде өтті.
Осы айтулы күні жас сарбаздарды қолдауға қолбасшылық өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, жауынгерлердің жақындары келді.
Сарбаздар жас жауынгер курсы барысында әскер тәртібіне бейімделіп, жалпы әскери жарғыларды оқып, қару-жарақпен жұмыс істеу негіздерін меңгерді және жауынгерлік дайындықтың бастапқы дағдыларын үйренді.
Астанада мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі «Отан Ана» монументінің жанында өтті. Мұнда 68665 әскери бөлімінің 137 сарбазы Отанға адал болуға ант берді.
Салтанатты рәсім басталғанға дейін басшылық, қадірлі қонақтар мен әскери қызметшілер ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ел үшін қаза тапқан батырларға құрмет көрсетті.
Арнайы операциялар күштері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Саят Бурбасов сарбаздарды осындай маңызды күнмен құттықтады.
– Әскери ант – Отанға адал болуға және ел тәуелсіздігін қорғауға дайын болу үшін берілетін серт. Осы күннен бастап ар-намысқа тәртіпке және өзара қолдауға негізделген үлкен жауынгерлік бауырластықтың бір бөлшегісіңдер. Сендер Отан қорғаушы атағын абыроймен алып жүретіндеріңе сенімдімін, – деп атап өтті ол.
Салтанатты рәсімге елорда тұрғындары мен қонақтары да куә болды. Жиналғандар мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қорғаудың абыройлы міндетін атқарушыларға деген мақтаныш пен құрметті сезініп, салтанатты шараны қызығушылықпен тамашалады.
– Мен үшін ант беру – өмірімдегі жаңа кезеңнің басталуы. Осы күнге мұқият дайындалдық, қазір ел мен жердің алдында жауапкершілікті сезініп отырмыз. Осы сәттен бастап әскери қызметті барынша абыроймен атқаруға, жарғыны қатаң сақтауға және антқа адал болуға дайынмын, – деді сарбаз Азат Шалабайұлы.
Қоян-қолтық ұрыс пен саптық дайындық элементтерін көрсету кезінде жауынгерлік рух пен саптық машықты көрсеткен әскери қызметшілердің қойылымдары келушілерді таң қалдырды.
– Бүгін немеремнің ант бергенін көріп, бір қуанып қалдым. Әрбір отбасы үшін балаларының өз елінің ер азаматы, нағыз қорғаушысы болғанын көру ерекше әрі әсерлі сәт, – деді Алматыдан келген әскери қызметшілердің бірінің әжесі Роза Әмреева.
Салтанатты іс-шараның қызған шағында қатысушылар мен көрермендерге жарқын әсер қалдырған дрондар шоуы болды.
Қарулы күштерде көктемгі әскерге шақырылған төрт мыңнан астам сарбаз Отанына адал болуға ант бергенін айта кеткен жөн.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1227118?lang=ru