Әскердің мәдени коды: жауынгерлік дәстүр мен патриоттық тәрбиенің алтын арқауы
24.05.2026 13:07:19 411
Жыл сайын мамыр айының төртінші жексенбісінде Қазақстан Қарулы күштерінің мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді.
Қазақстан әскерінің шығармашылық мамандық өкілдерінің басын бір арнаға қосатын басты мәдени мекеме – Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы. Бұл әскери-патриоттық тәрбиені дамытуда, таланттарды қолдауда және елдің тарихи мұрасын сақтауда маңызды рөл атқаратын орта. Әскердің тарихи шежіресін, бабалардың жауынгерлік жолын, Отан қорғаушылардың ерліктерін, көрнекті тұлғаларды ұлықтау және әскери дәстүрлерді нығайту миссиясын бұл орталық құрамындағы үш мекеме атқарады.
Атап айтсақ, Астанадағы Әскери-тарихи музей, Алматыдағы Даңқ музейі және биыл Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ақмола облысының Родина ауылында ашылған музей кешені. Қарулы күштер музейлерінде 50 мыңнан астам жәдігер сақталған. Олардың арасында бірегей тарихи құндылықтар да бар. Жыл сайын бұл музейлерге ондаған мың адам, соның ішінде жақын және алыс шетелден қонақтар да келеді. Орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі – өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу.
Бүгінде 280 мыңнан астам бала мен жасөспірім «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысының құрамында. Оның тәрбиеленушілері әскери-патриоттық клубтарда, «Жас сарбаз» сыныптарында және Smart Sarbaz үйірмелерінде алғашқы әскери дайындық дағдыларын үйреніп жүр. Жасөспірімдер өз жетістіктері мен алған машықтарын жылда өтетін халықаралық деңгейдегі «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында көрсетеді.
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери қызметшілердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қызметкерлерінің балаларының шығармашылық қабілеттерін дамытуға белсенді қолдау көрсетеді.
Балалар шығармашылық студияларында вокал, домбыра және би өнерін үйренеді. Олар республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысып, жоғары нәтижелер мен жүлделі орындарды олжалап жүр.
Одан бөлек Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің келісімі негізінде жыл сайын әскери қызметшілердің 4 мыңға жуық баласы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында және оның басқа да филиалдарында демалады.
Лагерьде болған кезде жасөспірімдерге арнап әскери бөлімдерге экскурсиялар ұйымдастырылады, онда балалар әскери қызметтің жағдайымен, заманауи әскери техника үлгілерімен және армия тынысымен танысады.
Аталмыш орталық құрамына сондай-ақ, Орталық ансамбль мен Орталық әскери оркестр де кіреді. Шығармашылық ұжымдардың әскери-музыкалық фестивальдер мен байқауларға қатысуда мол тәжірибесі бар. Жалпы гарнизондарда жиырмадан астам әскери оркестр жұмыс істейді. Олар қоғамдық орындарда өнер көрсетіп, мемлекеттік деңгейдегі салтанатты іс-шараларға қатысады.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, қарияларға сазды әуенмен тамаша көңіл-күй тарту етеді. Төртінші жыл қатарынан Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанынан өнерпаз мерзімді қызмет сарбаздарынан құралған шығармашылық взвод жұмыс істейді. Қызметін аяқтағаннан кейін жастар жоғары оқу орындарында жеңілдікпен білім алуға немесе Қарулы күштердің шығармашылық ұжымдарына келісімшарт негізінде әскери қызмет етуге мүмкіндік алады.
Тарихты, өнерді және Отанға қызмет етуді бір арнаға біріктірген Қарулы күштердің мәдениет пен өнер қызметкерлерінің қызметі – жауынгерлік дәстүрлер сабақтастығы мен әскердің рухани келбетінің жарқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1227121?lang=ru