Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир басталды

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир басталды

25.05.2026 19:05:33 270

Алматыда қоғам және мемлекет қайраткері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған дәстүрлі XXIX халықаралық бокс турнирі басталды. Турнир Армия орталық спорт клубының базасында өтіп жатыр.

Сағадат Нұрмағамбетовтың рухына тағзым ету үшін рингте Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қытайдан келген 130 мықты спортшы қолғап түйістіру үстінде.

Бұл турнир көптеген атақты былғары қолғап шеберлерінің спорттық жолындағы маңызды белеске айналған. Әр жылдары Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Василий Жиров, Данияр Елеусінов, Бақтияр Артаев, Жәнібек Әлімханұлы және Біржан Жақыпов жеңімпаз болған.

Бүгін көрермендердің ерекше назары Армия орталық спорт клубының құрамасына ауып отыр. Команда сапында екі дүркін әлем чемпионы әрі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері лейтенант Сәкен Бибосынов, 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы Бекнұр Батырбек, 2025 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Сырымбетов, сондай-ақ жастар және ұлттық біріншіліктердің жеңімпаздары Нұрбол Мұхаметәлі, ефрейтор Абылай Сман және ефрейтор Дархан Дүйсебай бар.

Жарысқа қатысушылар 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Турнир жеңімпаздарына спорт шебері атағы беріледі. Байрақты бәсеке 29 мамырға дейін жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1227982?lang=ru