Армия имиджі мен қызмет қауіпсіздігі талқыланды

Армия имиджі мен қызмет қауіпсіздігі талқыланды

25.05.2026 19:05:37 230

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті ұйымдастыруымен «Қызмет қауіпсіздігі және армия имиджі: жай-күйі, проблемалары мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Қорғаныс министрінің кеңесшілері Айгүл Төлембаева мен Айгерім Ағылтаева, Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, әскери сарапшылар, әскери оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы және магистранттары қатысты.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде әскери қызмет қауіпсіздігі және Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың имиджін нығайту стратегиясын әзірлеу және енгізуге бағытталған гранттық жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында сарапшылар жол картасы мен оны іске асыру бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындады.

Аталған құжаттарды әскери басқару органдарының, әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарының басқарушылық, ұйымдастырушылық, профилактикалық, ақпараттық және бақылау қызметіне енгізу көзделген.

Қорғаныс министрінің кеңесшісі, жоба бойынша аға ғылыми қызметкері Айгүл Төлебаева атап өткендей, жобаның мақсаты – қоғамның әскерге деген сенімін арттыру және жастардың әскери қызметке ешқандай қысымсыз, саналы түрде келуін қалыптастыру.

— Әскери қызмет қауіпсіздігі мен Қарулы күштердің оң имиджі – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Қызмет қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмейінше, армия беделін арттыру бағытындағы жұмыстар нәтижелі болмайды. Бүгінде қоғам сенімін арттырып, жастардың әскерге саналы түрде келуіне жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми жоба аясында қауіпсіздік пен оң имиджді қатар дамыту жолдарын зерттеп жатыр. Қазіргі ақпараттық дәуірде жастардың көзқарасы жылдам өзгеруде. Сондықтан олармен жұмыс істеудің тәсілдері де үнемі жаңарып отыруы қажет. Ғылыми жоба мен дөңгелек үстел нәтижелері болашақта Қарулы күштердің оң имиджін жүйелі түрде нығайтуға негіз болады деп сенеміз, - деді Қорғаныс министрінің кеңесшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Төлембаева.

Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев атап өткендей, қазір сарбаздар ата-анасы және туған туыстарымен аптасына біренше рет хабарласа алады.

— Қазір барлық әскери бөлімдерде QR код ілінген. Оның көмегімен әскери қызметшілер өз өтініштерін жолдап, ұсыныстарын енгізіп, өздерін алаңдататын мәселелер туралы хабарлай алады. Біздің департамент үшін бұл – кері байланыстың тиімді тетігінің бірі, ол күрделі жағдайларды уақтылы анықтауға, келіп түскен өтініштердің сипатын талдап, оларға қатысты жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – деп толықтырды департамент бастығы.

Іс-шара барысында Қарулы күштердің имиджін нығайту және әскери қызмет қауіпсіздігі стратегиясы жан-жақты талқыланды. Стратегияда жол картасы және оны іске іске асыру әдістері белгіленді.

Өз баяндамаларында қатысушылар әскери қызметтің психологиялық сүйемелденуі, күйзеліс пен дағдарыстық жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау мәселелерін де көтерді.

Кездесу қорытындысы бойынша әскери қызмет қауіпсіздігін күшейту, оның ашықтығын арттыру, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және жастардың патриоттық тәрбиесін дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленді.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша жинақ шығарылады.

Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1227975?lang=ru