Абай гарнизонында армияның пайдалану бөлімшелерін дамыту мәселелері талқыланды

Абай гарнизонында армияның пайдалану бөлімшелерін дамыту мәселелері талқыланды

26.05.2026 13:03:39 331

 Семей қаласында Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің жетекшілігімен аудандық пайдалану бөлімшелері бастықтары мен жол-пайдалану учаскелері жетекшілерінің жиыны өтті.

Жиында жылыту маусымының қорытындылары шығарылып, әскери инфрақұрылым нысандарын алдағы қыс маусымына дайындау мәселелері қаралды. Әсіресе қазандық жабдықтарын дайындау, газдандыру жұмыстары, инженерлік желілер мен коммуналдық жүйелердің, сондай-ақ әскери қалашықтардың тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жағдайына ерекше көңіл бөлінді.

— Әскери инфрақұрылым нысандарының тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығына тікелей әсер етеді. Біздің міндетіміз – әскери қызметке заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасап, пайдалану бөлімшелерінің жұмыс тиімділігін арттыру, – деді генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Тыл мамандары әскери нысандарды пайдалану және күтіп ұстау, пайдалану бөлімдерінің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырудағы заманауи тәсілдерді енгізу мәселелерін талқылады.

Жиынның тәжірибелік бөлімінде жиһаз дайындайтын үлгілік учаскелердің жұмысы, техникалық қызметкерлер мен апаттық жөндеу топтарын орналастыру тәртібі, кезекші автокөліктерді жабдықтау, материалдық құндылықтар мен жанар-жағармай қорларын сақтау жүйесі көрсетілді.

Қатысушылар арнайы техниканы сақтау жағдайымен танысып, заманауи қоршаулар шығаратын өндірістік цехтың, сондай-ақ бақылау-техникалық және медициналық пункттердің жұмысын қарады.

Тәжірибе алмасқан жиын қатысушылары күнделікті қызмет барысында кездесетін мәселелерді талқылап, пайдалану бөлімшелерін одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев әскери инфрақұрылым нысандарын күтіп ұстау мен олардың тұрақты жұмысын жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1228411?lang=ru