Еділ Оразов: өнегелі өмір жолы
27.05.2026 08:41:35 235
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Қарулы күштердің ардагері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының бастығы отставкадағы генерал-майор Еділ Оразовтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерейтой иесін құттықтауға Қорғаныс министрлігінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, елордалық әскери колледждің оқытушылары мен кадеттері, сондай-ақ туған-туыстары мен жақындары жиналды.
Қарулы күштер Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов өз сөзінде Еділ Оразовтың ел алдындағы еңбегіне ерекше тоқталды.
– Еділ Лұқпанұлы әрдайым принципшілдігімен, жауапкершілігімен және Отанға адал қызметімен ерекшеленді. Ол әскери қызметшілердің бірнеше буыны үшін офицерлік абырой мен патриотизмнің нағыз үлгісіне айналды, – деді генерал-майор Асан Жүсіпов.
Мерейтой иесіне жылы лебізін отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та білдірді. Халық қаһарманы Еділ Оразовтың өмір жолы әскери борыш пен таңдаған мамандыққа адалдықтың жарқын көрінісі екенін атап өтті.
– Сіздің саналы ғұмырыңыз Қарулы күштердің дамуына, жас ұрпақты тәрбиелеуге арналды. Бұл – елге сіңірген зор еңбек, – деді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов та мерейтой иесін құттықтап, ардагердің әскери білім мен ғылым саласындағы еңбегін жоғары бағалады. Осы орайда Еділ Оразовқа университеттің «Күлтегін» медалі табыс етілді.
Өз кезегінде Еділ Оразов қорғаныс ведомствосының басшылығына, әріптестеріне, туған-туыстары мен жақындарына көрсеткен құрметі мен ыстық ықыласы үшін алғысын жеткізді.
– Өмірдегі ең басты құндылық – халықтың құрметіне ие болу, еліңе адал қызмет ету және қоғамға пайдаңды тигізу, – деді ардагер.
Салтанатты жиынның мерекелік көңіл-күйін Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы ұйымдастырған концерттік бағдарлама толықтырды.
Еділ Лұқпанұлының әскери қызметтегі жолы – кәсібилік пен табандылықтың айқын үлгісі. Ол Энгельс жоғары зениттік-зымырандық командалық училищесінің курсантынан бастап, жетекші әскери оқу орындары мен қорғаныс ведомствосының маңызды құрылымдарын басқарды.
Әр жылдары бірқатар өңірлерде әскери комиссар қызметін атқарған ол Қарулы күштер Әскери академиясын, Ұлттық қорғаныс университетін, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын басқарды. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы болды.
Бұдан бөлек, Еділ Оразов Қазақстан қорғаныс ведомствосының өкілі ретінде Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасында әскери атташе қызметін атқарды. 2018 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасын басқарып келеді.
Еділ Лұқпанұлының ел қауіпсіздігін нығайтуға және әскери білім беру саласына қосқан үлесі жоғары бағаланды. Ол II дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірқатар ведомстволық медальдармен наградталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1229083?lang=ru