Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды жеке қабылдады
27.05.2026 09:02:38 188
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды жеке қабылдады. Онда су құбырын орнату, газбен қамту, жер телімін рәсімдеу, автомобиль жолын салу, балабақшаны ваучерлік қаржыландыру мәселелері бойынша сауалдар қойылды. Жауапты мамандар түйткілдердің мән-жайын түсіндіріп, қабылдау барысында оны шешу жолдары қарастырылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Қонаев қаласының тұрғыны 2023 жылы жер телімін сатып алған. Бірақ рұқсат құжатын алмай жатып, үй салған. Бұл қаланың бас жоспарына сәйкес келмейтіндіктен тұрғыннан жер телімін қайтару талап етілген. Марат Елеусізұлының айтуынша, жер әлі игерілмесе, басқа аумақтан жер телімі берілуі мүмкін. Ал егер үй салынып қойған болса, оны бұзбай, қалдыру мүмкіндігін қарастыруға болады. Дегенмен аймақ басшысы құжаттарды толық рәсімдемей, үй салу заңға қайшы әрекет екенін баса айтты.
Жамбыл ауданынан келген азамат «Ұзынағаш – Күрті» автомобиль жолының тозуы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға және күнделікті көлік қозғалысына қиындық келтіріп жатқанын жеткізді. Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, биыл «Ұзынағаш – Күрті» автомобиль жолының 47-64 шақырымы және 64-71 шақырым аралығындағы учаскелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша құжаттама әзірленген. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қаражат бөлінген жағдайда мердігер анықталып, құрылыс жұмысы басталады.
Талғар ауданы Көктал ауылы «Ай-Абылай» ықшам ауданының тұрғыны ауызсу және жол мәселесі бойынша туындаған қиындықтарды айтты. Жауапты мамандардың хабарлауынша, былтыр аталған шағын ауданда газ жүйесі орнатылған. Ал биыл ауызсу желісін тарту бойынша бюджеттен қаражат бөлінген. Яғни биыл ауызсу мәселесі шешіледі. Ал жол салу жұмысы келесі жылы басталады. Себебі қазіргі таңда ауданда сараптаманың оң қорытындысын алған 250 шақырымға жуық жол бар. Ал тұрғындар атап өткен Мәметова көшесіндегі 1200 метр жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға жіберілген. Марат Елеусізұлы тасжол төселгенше оқу жылы басталғанда оқушылардың мектепке барып-келуіне ыңғайлы жағдай жасалып, ал су қысымының тұрғындарға жеткілікті болуына назар аудару керегін айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1229086?lang=ru