Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің пікірталастарында БҰҰ рөлін нығайтуды жақтады

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің пікірталастарында БҰҰ рөлін нығайтуды жақтады

27.05.2026 16:40:51 292

Нью-Йорк, 2026 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қытайдың төрағалығымен өткен «БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын сақтау және БҰҰ-ның орталық рөлі бар халықаралық жүйені нығайту» тақырыбындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жоғары деңгейдегі ашық пікірталастарына қатысты.

Қазақстан өкілі өз сөзінде пікірталастар белгісіздіктің артуы, халықаралық құқықтың әлсіреуі және құқықтық нормалардың іріктемелі қолданылуы жағдайында өтіп жатқанын атап көрсетті. Осыған байланысты, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың БҰҰ-ның орталық рөлін жан-жақты қолдауы және әлемдік көшбасшыларды халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелеріне зор жауапкершілікпен қарауға шақыруы атап өтілді.

Қазақстан тарапы БҰҰ орнықты бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз етудің алмастырылмас тетігі болып қала беретінін мәлімдеді. Осы тұрғыда Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік сенім мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, бейбіт процестерге жәрдемдесу, ядролық қарусыздануды, дінаралық диалогты ілгерілету және БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қатысу бағытындағы үлесі көрсетілді.

БҰҰ-ны реформалау, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесін қазіргі заманғы сын-қатерлерге бейімдеу қажеттігіне ерекше назар аударылды. Қазақстан дамушы елдер мен орта державалардың кеңінен өкілдік етуін, сондай-ақ БҰҰ-ның тиімділігін және мүше мемлекеттердің үміттеріне жауап беру қабілетін арттыруға бағытталған эволюциялық реформалау тәсілін қолдайды.

Жаһандық сын-қатерлер аясында қолданыстағы тетіктердің қайталануын еңсеру және БҰҰ су мандатының тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстанның Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық коалицияны және Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру бастамалары да айтылды.

Министрдің бірінші орынбасары көпжақты ынтымақтастықты сапалы дамыту және БҰҰ Жарғысының қағидаттарын одан әрі нығайту мақсатында Қазақстанның барлық мүше мемлекеттермен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысы аясында қазақ дипломаты ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен және Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылау үшін кездесулер өткізді.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1229122?lang=ru